Елімізде балалар аттракционы қызметі бір жылда 23% қымбаттады

0
855

Жалпы демалыс, ойын-сауық және мәдениет қызметі 17% қымбаттады


Елімізде балалар аттракционы қызметі бір жылда 23% қымбаттады

Биыл маусымның қорытындысы бойынша, демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласындағы қызмет бір жылда 16,6% қымбаттады. Соның ішінде демалыс және спорттық іс-шаралар саласындағы қызмет 16,9%, мәдени-бұқаралық іс-шаралар саласындағы қызмет 13,5% қымбаттады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Демалыс және спорттық іс-шаралар секторында балалар аттракционы — 23%, оқушыларға арналған спорт секцияларындағы сабақ — 15,1%, жаттығу залы қызметі (абонемент) — 13%, бассейн қызмет (абонемент) — 16,3% музыкалық білім беру — 8,7% қымбаттады.

Мәдени шаралар саласында кинотеатр қызметі бір жылда 14,1%, театр қызметі 8,4% фотограф қызметі 12% қымбаттады.

Өңірлер бойынша сектордағы ең көп жылдық баға өсімі Жетісу (бір жылда 47,7%), Түркістан (39,7%) және Батыс Қазақстан (36,9%) облыстарында байқалды. Бағаның ең аз жылдық өсімі Астана қаласында (5,6%), сондай-ақ Қостанай (5,7%) және Атырау (7,1%) облыстарында тіркелді.

Әлеуметтік желі қолданушылары бір баланы саябаққа апару бюджетке ауыр тиетінін айтады, деп хабарлайды zakon.kz. Алматыдағы ең арзан аттракциондардың бірі — «Слалом». Бала төбеге шығып, төмен қарай сырғанайды. Жарты минуттық осы ойынның құны 400 теңге. Басқа аттракциондар 680 теңгеден 990 теңгеге дейін. Тиісінше бір сағаттық сырғанақ үшін ата-аналар 7–10 мың теңге төлейді.

Биыл бірінші тоқсанда демалыс пен ойын-сауық ұйымдастыру қызметтерінің көлемі 118 млрд теңгені құрады, бұл былтырғымен салыстырғанда құндық мәнде 41,3% артық.

Ойын-сауық және тақырыптық саябақтар қызметі бір жылда 57% өсіп, 2,7 млрд теңгеге, қуыршақ театрлары — 75%, 298,5 млн теңгеге, би залдары мен дискотека — 23 есеге жуықтап, 132 млн теңгеге дейін өсті. Бұл ретте, родео және тир қызметі, керісінше 81,7% төмендеп, 322,2 мың теңге болды.

Өңірлер бойынша биыл бірінші тоқсанда барлық демалыс және ойын-сауық қызметтерінің 72,6%-ы Алматыда көрсетілді: 85,6 млрд теңге — бір жыл бұрынғыдан 43,7% артық.

Үздік бес өңірге сондай-ақ Астана (5,8 млрд теңге, 29,9% көбейген), Алматы (3,4 млрд теңге, 15,7% көбейген), Батыс Қазақстан (2,1 млрд теңге, 29,8% көбейген) және Қарағанды (2 млрд теңге, 7,7% азайған) облыстары кірді.

Сала бойынша ең аз қызмет Ұлытау (582,3 млн теңге), Солтүстік Қазақстан (826,8 млн теңге) және Маңғыстау (922,6 млн теңге) облыстарында көрсетілген.