Елімізде екпеге қарсы петицияға 150 мыңнан астам адам қол қойған

0
725

Көптеген азаматтар вакциналардың пайдасынан гөрі зияны көп деп санайды.


Елімізде екпеге қарсы петицияға 150 мыңнан астам адам қол қойған

ERNUR.KZ. Қазақстанның кейбір азаматтары міндеттелген вакцинацияға қарсы петицияға қол қоюға белсенді түрде атсалысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал медициналық қауымдастық өкілдері оларды сынға алып, іс-әрекеттерін сынап отыр. Ақиқат қайда? Вакцина адам өміріне шынымен де қауіпті ме? Екпесіз өмір сүру мүмкін бе? Немесе вакцина салынбаса қоғам қандай күйге түседі? Ирина Абразумова егіз ұлдың анасы. Ирина талайға дейін бала көтере алмай, отбасы сәбилі болуды зарыға күткен. Мақсаттарына жетіп, бірнеше жыл бұрын дүниеге егіз ұл келді. Балаларының денсаулығын ойлаған олар жоспарлы екпе алған екен. Алайда, бір жарым аптадан кейін анасы балалары үшін уайымдай бастайды. Себебі олардың дамуы тоқтап қалған. Ата-анасы дереу дәрігерге жүгініп, мән-жайды білуге асығады.

– Дәрігерлер мұның себебі екпе емес. 1 жасар баланың сөйлемеуі де мүмкін деді. Менің сұрақтарыма жауап беруден бас тартып, тайып тұрды, - дейді Ирина Абразумова.

Егіздің сыңары уақыт өте келе қалпына келді. Ал екіншісі мүгедек болып қалды, енді арнайы құжат рәсімдеу қажет болды, дейді Ирина.

– Кейбір дәрігерлер балаларымның осындай күйге түскені вакцинаның зияны дейді. Тіпті сотқа беруге кеңес берді. Бірақ ешкім оны жазбаша жазған жоқ. Біз сізге ештеңе жазбаймыз, өйткені жұмыстан айырылудан қорқамыз, деді әлгі дәрігерлер, - дейді Ирина.

Иә, дәл осындай екпеден ауыр халге түскен тағы бір отбасы бар. Сәбиге вакцина жасалғаннан кейін арада 7 күн өтіп, оның жағдайы нашарлаған. Ақыры оңалмай, шетінеп кетті. Баласынан айырылған Марина Шаймаханова міндетті вакцинацияға қарсы петиция жасаған. Оның тоғыз айлық қызы екпені көтере алмаған.


– Гистологияда жүрекке, миға, бауырға, қанға және барлық өмірлік маңызды органдарға әсер ететіндігі туралы жазылды. Яғни, қанға вирус жұққан. Ал вакцинаны баланың иммунитеті жеңе алмаса, онда барлық органға зақым келтіруі мүмкін, - дейді петицияның авторы Марина Шаймаханова.

Петицияға қазірдің өзінде 150 мыңнан астам қазақстандық қол қойды. ФАКТЧЕК.KZ редакциясы екпе жайлы жалған фактті тексеріп, арнайы зерттеу жасаған болатын. Олар ақпараттың көпшілігі шындыққа жанаспайтынын айтты. Алайда, көптеген азаматтар вакциналардың пайдасынан гөрі зияны көп деп санайды. Ал эпидемиологтар мен дәрігерлер әлгі тұжырымды теріске шығарады.

көптеген азаматтар вакциналардың пайдасынан гөрі зияны көп деп санайды.

– Егілген адамдар осы инфекцияға қарсы егілмеген адамдарға қарағанда инфекцияның түрі жеңіл және асқынусыз өтеді, - деді ДЗСҰО инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева.


– Таңдауды тек өзіміз жасаймыз. Ешкім вакцина 100% қауіпсіз деп айтпайды. Дегенмен, мен екпенің қауіпсіз екеніне кәміл сенемін. Бірақ жанама әсер де кездесуі мүмкін, - дейді халықаралық медицина орталығының директоры Александр Шинкаренко.

Александр Шинкаренко он жылдан астам уақыт отбасылық дәрігер болып жұмыс істейді. Ол америкалық клиникада қызмет еткен. Өз тәжірибесінде екпеден жапа шеккендер жоқ дейді ол. Дегенмен, кейде адамдар сәбиі жайсыз сезінсе немесе ауруға шалдықса екпенің әсері деп қабылдайды. Александр Шинкаренко, халықаралық медицина орталығының директоры: – Менің тәжірибемде мынадай оқиға тіркелді. Мен бір балаға екпе салдым, содан кейін оған есекжем шыққан. Ата-анасы келіп, бұл вакцинаның салдарынан ба деп сұрады. Шын мәнінде өзара байланысы жоқ. Есекжем екпесіз де шығуы мүмкін. Ата-аналардың өз пайымы бар. Екпеден кейін сәбилері қандай да күйге түссе оның әсері деп түсінеді. Себебі сап-сау баланың екпе салғаннан кейін дертке ұшыруын кездейсоқтық деп қабылдай салмайды ғой.

Әрине, әрбір адам өз таңдауын жасауға құқылы. Бірақ екпе алмаған адамдар, басқаларға қауіп төндіреді. Әрине, әр ата-ана баласы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, оның денсаулығын жанын салып қорғайды. Өйткені өзегін жарып шыққан сәбиінің болашағы олар үшін маңызды. Екпе салу ол да қажеттілік. Кілтипан қай тұста? Осыны екшеу керек. Мемлекеттік қадағалау орындары келетін вакциналар сапасына мән беріп, оның сапалы екеніне кепіл болуы тиіс. Ата-аналардың жан айқайы негізсіз емес деген сарапшы пікірі соны меңзейді.