Елімізде енді IT-мамандар әскери борышын 42 күн өтей алады

0
952

Қарағандыда пилоттық жоба іске қосылады.


Елімізде енді IT-мамандар әскери борышын 42 күн өтей алады

ERNUR.KZ. Әскерге шақырылған IT-мамандар әскери қызметін 1 жыл емес, 42 күнде әскери-техникалық оқу орнында өтей алады. Жобаны қорғаныс министрлігі жүзеге асырып жатыр, деп жазады stan.kz.

Қарағандыда пилоттық жоба іске қосылады.

Бастаманы қорғаныс министрінің цифрландыру және киберқауіпсіздік жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев көтерді. Ол соғыстар өз форматын өзгерткендіктен, әскерге қатардағы жауынгерлерден басқа IT мамандары қажет екеніне сенімді.

“Бізге жиі қоңыраулар түседі, әсіресе күзгі-көктемгі әскерге шақыру кезінде басталады. “Сіз біздің IT-маманымызды алып кеттіңіз. Мемлекеттік жүйелер осы 2-3 адамға қарап тұр” дейді”, – деді қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.

Қорғаныс министрлігі ІТ мамандарын 42 күнде әскери қызметтің қыр-сырын меңгерту бойынша пилоттық жобаны қолға алуды ұйғарды. Ақпараттық жүйелер мен технологиялар, киберқауіпсіздік және дрон операторы деген үш мамандық бар.

"Менің кезімде осындай идея болғанда, қуана-қуана осы мүмкіндікті пайдаланар едім. Бұл – супер идея, супер ұсыныс. 42 күн борышты өтеп, еркін боласыз”, – деді IT компаниясының басшысы Александр Соколов.

Қарағанды әскери-техникалық оқу орны "жаңа форматтағы" мерзімді әскери қызметкерлерді қабылдайды. Дархан Ахмедиев оқу орнындағы жағдайды өзі бағалап, ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді, оқу полигоны жаңғырту керек деді.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жобаны жүзеге асыру үшін шамамен 700 миллион теңге қажет. Қазір олар оқу бағдарламаларын жазатын әзірлеушілер мен мұғалімдерді іздеп жатыр.

“ІТ мамандары әскерге барудан қорқады. Ал мұнда өз ортасына еніп, яғни білгендерін зерттейді. Сонымен бірге олар қандай да бір атақ алады”, – деді Қарағанды техникалық университетінің ақпараттық және есептеу жүйелері кафедрасының меңгерушісі Алексей Калинин.

Әскери-техникалық мектептің Қарағанды филиалында 1 қыркүйекте пилоттық жоба басталады. Шығарылым бағасы – 370 мың теңге. Ал жоба сұранысқа ие болып шықса, оны республика бойынша жүзеге асыруға дайын.