Елімізде кадрларды тәуелсіз сертификаттау енгізіледі

0
971

​​Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленіп жатыр.


Елімізде кадрларды тәуелсіз сертификаттау енгізіледі

ERNUR.KZ. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп жазады ҚазАқпарат.

«Адами капитал - Қазақстан Республикасындағы негізгі стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың орталық парадигмасы. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы мен Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары іргелі негіз болып саналады. Онда реформалар аясында жүргізіліп жатқан іс-шаралардың түпкі мақсаты әрбір нақты қазақстандықтың өмірін жақсартуға бағытталуы тиіс екендігі атап көрсетілген. Осылайша, Үкіметтің адами капиталды дамыту жөніндегі бірінші кезектегі әрекеттері денсаулық сақтау, білім беру және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы нәтижелерді жақсартуға бағытталған», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-Министрдің атап өтуінше, «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, оның ішінде жүкті әйелдердің денсаулығын сақтауға және балалардың денсаулығын нығайтуға, мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтумен қамтуға, кадрлық әлеуетті нығайтуға және бағы басқаларға бағытталған. Білім беру сапасын жүйелі деңгейде қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасында Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы және Қазақстан Республикасында Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» және «Жайлы мектеп» ұлттық жобалары іске асырылуда.

«Еліміздің экономикалық дамуын кадрлық қамтамасыз етуді қолдау мақсатында 2023-2027 жылдарға арналған Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Аталған тұжырымдама бағыттарының бірі - білім беру иммиграциясы. Оның мақсаты - Қазақстанды өңірлік білім беру хабы ретінде позициялау, сондай-ақ Қазақстанға білікті еңбек мигранттарын тарту. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Әлеуметтік кодекс қабылданды. Онда әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатын арттыру мен нығайтудың базалық шарттары қалыптастырылды», - деп атап өтеді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша,экономиканы тиісті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету үшін сапалы жұмыс орындарын құруды, жұмыс күшінің дағдылары мен құзыреттерін дамытуды және ынталандыруды көздейтін Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленіп жатыр.

«Бұл ретте, өмір бойы оқытуды дамыту үшін «Кәсіптік біліктіліктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы аясында кадрларды тәуелсіз сертификаттау (Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауында) енгізіледі. Жоғарыда аталған құжаттарды кешенді іске асыру Қазақстанда сапалы, бәсекеге қабілетті адами капиталды дамытуға бағытталған. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі жаңа даму стратегиясының жобасы бойынша жұмыс басталды. Осыған байланысты, Үкімет сіздермен бірлесіп, аталған стратегиялық құжатты әзірлеу барысында салалық бағдарламалық құжаттарда кейіннен декомпозициялау үшін адами капиталды дамытудың тұжырымдамалық бағыттарын әзірлеуді қарауға дайын», - деді Премьер-Министр.