Елімізде сүт өнімдері екі есеге қымбаттауы мүмкін

0
1 106

Қазірдің өзі нарық Ресейден импортталатын өнімдерге толы.


Елімізде сүт өнімдері екі есеге қымбаттауы мүмкін

ERNUR.KZ. Қазақстанда отандық сүт және сүт өнімдері, ірімшік және сүзбе бағасы екі есеге артуы мүмкін. Мұны парламент сенатының жалпы отырысы барысында депутат Зәкіржан Күзиев айтты, деп жазады stan.kz.

Сенатор өнімнің қымбаттауын кеден одағының техникалық регламентінің өзгеруімен түсіндірді.

Екі жылдан соң еуразиялық экономикалық комиссия сүтке қойылатын талаптарды күшейтеді. Оны машинамен сауу арқылы жинап, шығарғаннан кейін салқындатқыш танкерлерге құю керек. Бірақ елімізде осы шикі сүттің 90%-ын өндіретін шағын шаруа қожалықтарында мұндай жабдық жоқ. Нәтижесінде ауыл тұрғындары табыссыз, ал сүт зауыттары шикізатсыз қалады.

Қазірдің өзі нарық Ресейден импортталатын өнімдерге толы. Отандық сүт өңдеу кәсіпорындары, әсіресе елдің солтүстік өңірлерінде өндірісті қысқартуға мәжбүр болмақ.

Зәкіржан Күзиев көрші елде экспорт кезінде ауыл шаруашылығы өнімдері мен көлік шығындарының құнын субсидиялау қарастырылғанын айтты. Сенатор депутаттық сауалында қазақстандық бизнесмендерге де осындай қолдау шараларын көрсетуді ұсынды. Сондай-ақ сенатор ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеушілерді қосылған құн салығынан босату қажет деп санайды.

“Шағын шаруашылықтардың шамамен 70%-ы зардап шегуі мүмкін. Біз шаруа қожалықтарын кооперациялауды және оны аудандарда ұйымдастыруды ұсынамыз. Екіншісі – шаруашылықтар техрегламентке сәйкес келетін жабдықты сатып алуы үшін субсидия беру”, – деді депутат Зәкіржан Күзиев.