Елімізде тұрмыстық техника өндірісі 3,8 есеге өсті

0
496

Машина жасау саласының өсімі 22%-ды құрап отыр.


Елімізде тұрмыстық техника өндірісі 3,8 есеге өсті

ERNUR.KZ. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

Сөзінше, машина жасау саласының өсімі 22%-ды құрап отыр.

"Автомобиль өндірісі 8,6%-ға ұлғайып, 46 мыңнан астам бірлік өндірілді. 2024 жылы 160 мың автомобиль шығару жоспарланып отыр. Сонымен қатар Қостанай және Алматы қалаларындағы шағын өнеркәсіптік аймақтарда автокомпоненттік базаны дамыту аясында көлік құралдарына арналған қуаттылығы 100 мың бірлік орындық, 150 мың бірлік пластикалық бөлшектер және 100 мың бірлік мультимедиялық жүйе өндіріс жобалары пысықталып жатыр", - деді Қанат Шарлапаев.

Министрдің дерегінше, теміржол машина жасау секторы локомотивтер мен вагондар өндірісінің өсуі есебінен 2,5 есеге артты

"Тұрмыстық техника өндірісі 3,8 есеге өсті. Атап айтқанда, Алматы қаласында Xiaomi теледидарларын құрастырып-шығару зауыты іске қосылды. Түркістанда коммерциялық тоңазытқыштарды құрастыру жоспарлануда, ал Оңтүстік Кореяның Samsung Electronics және Қытайдың HKC компанияларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Орта мерзімді перспективада машина жасауды дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарының іс-шараларын іске асыру аясында өндіріс көлемін 2 есеге арттыру жоспарланып отыр", - деді ведомство басшысы.