"Қазгидромет" РМК қатты жел мен аптап ыстыққа байланысты дабылды ескерту жариялады.
"Қазгидромет" РМК қатты жел мен аптап ыстыққа байланысты дабылды ескерту жариялады, деп хабарлайды ERNUR.KZ sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамынша, ертең күндіз Солтүстік Қазақстан облысында солтүстік-шығыстан соғатын желдің күші кей жерлерде 15-20 м/с, екпіні 25 м/с дейін барады. Кей аймақтарда найзағай ойнап, дауыл соғады, бұршақ жаууы мүмкін.
Петропавлда желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Найзағай ойнап, дауыл болады, бұршақ жаууы ықтимал.
"16-20 шілдеде Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының кей жерлерінде 40-42°С, Маңғыстау облысының кейбір аймағында сынап бағанасы 43-45°С дейін көтеріледі. 17-20 шілдеде Ақтөбе облысында ауа температурасы 41-43°С, Қарағанды облысының кей жерлерінде 40-43°С дейін жоғарылайды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Қостанай облысында да дабылды ескерту жарияланды.
14 шілде күні найзағай ойнап, солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін барады деп болжануда. Күндіз кей жерлерде бұршақ күтіледі. Ал 18-20 шілде күндері Қостанай облысының кей жерлерінде 41°С ыстық болады.