Елордада бір түнде жаңбырдың жарты айлық мөлшері жауды

0
687

Нұр-Сұлтанда бүгін де жаңбыр жауады.


Елордада бір түнде жаңбырдың жарты айлық мөлшері жауды

ERNUR.KZ. Қазгидрометтің мәліметінше, маусының 15-нен 16 қараған түні астанада 22 мм жаңбыр жауды, ал, айлық мөлшер – 37 мм, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Жауын-шашын суын сорғытуға 100-ден астам арнайы көлік жұмылдырылды, олар ассенизаторлық көліктер, мотопомпалар, су сору құралдары. 150 мың текше метрден астам су сорғытылды, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қала көшелерін су басуына жол бермеу үшін әкімдік нөсерлік кәріз құрлысы бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Мысалы, Б.Момышұлы даңғылы қаладағы проблемалы учаскенің бірі. Аталған учаскедегі су басу проблемасы биылғы жазда шешімін табады – көшеде нөсерлік кәріздің магистральдік коллекторының құрылысы жүргізілуде. Аталған кәріздің ұзындығы шамамен 500 метр, басы Дауылпаз көшесінен басталып, Елім-ай көшесіне дейін жалғасады (Б.Момышұлы даңғылы бойында). Осылайша аумақта жауын-шашын кезінде су басу мәселесі толығымен шешіледі.

Сондай-ақ, «Жастар» шағын ауданында (Тәшенов және Амман көшелерінің қиылысында) жеткізуші коллекторларды қайта жаңартуға байланысты тазарту қондырғыларының жұмысы жүргізілуде. «Жастар» шағын ауданындағы жаңа қондырғылардың қуаты тәулігіне 42 мың текше метрден асады. Бұл жауын-шашын кәріздерінің өткізу қабілетін едәуір жақсартады.

Бұл тазарту қондырғылары Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Иманбаев көшелері мен Республика даңғылындағы тасқын судың алдын алады. Өйткені құрылғы жерастын орнатылып, ал үстінде гүлзар салып, шағын сәулет мүсіндері орнатып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу көзделген. Құрылысты 2021 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

2019 жылы жауын-шашын кәріздері мәселесі «Мыңжылдық» аллеясы ауданындағы екі аумақта толықтай шешілген еді.