Елордада Испания компаниясы медициналық жабдықтар шығаратын өндіріс ашады

0
794

«Iberhospitex» каталониялық компаниясының басшылығымен Қазақстан елордасына кезекті сапарының қорытындысы талқыланды.


Елордада Испания компаниясы медициналық жабдықтар шығаратын өндіріс ашады

ERNUR.KZ. Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Константин Жигалов Каталония автономиялық бірлестігіне жұмыс сапармен барды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Fira de Barcelona» көрме кешенінің бас директоры К. Серрайонг және бас атқарушы директоры Р. Сапатеромен кездесу өтті. Бұл кездесу шілде айында Нұр-Сұлтан қаласында Еуроазиялық аймақ елдері үшін «Ақылды қалалар конгресін» өткізуге байланысты өткізілді. Р.Сапатероның Қазақстан астанасына қаңтар айындағы сапарының және оның әкімі А. Көлгіновпен келіссөздерінің қорытындысы шығарылды, осыдан кейінгі іс-қимыл алгоритмі анықталды.

Жирона сауда палатасының басшылығымен Қазақстанның 2018 және 2019 жылдардағы бизнес-миссияларының қорытындысы талқыланып, олардың негізінде қазіргі уақытта тараптар Каталония іскерлік топтары делегациясының маусым айында Қазақстанға сапарын дайындауда. Ауыл шаруашылығы, мұнай-химия және туристік салаларда, сондай-ақ денсаулық сақтау секторында ынтымақтастықты кеңейтуге басты назар аудару көзделуде. Бұл мәселелер бірқатар екіжақты кездесулер барысында егжей-тегжейлі қаралды.

Жирона әуежайының жаңа директоры В. Пайарес Пикемен қазақстандық туроператорлармен жазғы кезеңге чартерлік рейстің ашылуын және Жерорта теңізінің Коста Брава жағалауында «all inclusive» жүйесі бойынша қонақ үйлерде тұруды қамтитын қазақстандық туристерге арналған пакетті бірлесіп әзірлеу мүмкіндігі талқыланды. Жиронаның ыңғайлы географиялық орналасуын (Барселона, Андорра және баскаларға жақын) ескере отырып бұл туристік маршрут өте тартымды бағытқа айналуы мүмкін.

«Iberhospitex» каталониялық компаниясының басшылығымен Қазақстан елордасына кезекті сапарының қорытындысы талқыланды, оның қорытындысы бойынша 2020 жылдың соңына дейін Нұр-Сұлтан қаласында жүрек-қан тамырлары интервенциясы саласында медициналық жабдықтар мен жоғары технологиялық өнімдер шығару бойынша жергілікті өндіріс ашу жоспарлануда.

Сапардың маңызды құрамдас бөлігі Каталонияның Ұлттық кітапханасына бару және оның көп жылдық директорымен Евгения Сэррамен кездесу болды. Елші кітапхана қорына испан тіліне аударылған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» және «Қазақстан жолы» атты кітаптарын, Қазақстан прозасы мен поэзиясының антологиясын, еліміздің тарихы мен мәдениеті туралы кітаптарды тапсырды. Абайдың «Қара сөзін» директорға тапсырып Қ. Жигалов ұлы ғалым, ақын, ойшыл Абайдың 175 жылдығын Қазақстанда және шетелде атап өту туралы әңгімеледі.

Е. Сэрра кітапхана ғимаратының бірінші тасы 1401 жылы қаланғанын, қазіргі уақытта оның кітап қоры төрт миллионнан астам дананы құрайтындығын айтты.

«Каталония бас кітапханасы тарихта алғаш рет Қазақстан туралы кітаптарды сыйға алды және бұл баға жетпес сыйлық», - деді Е. Сэрра.

Барселона цифрландыру мен тиімді басқаруды енгізу саласындағы жетістіктерімен кеңінен әлемде танымал. Қалада жыл сайын әлемге әйгілі Smart City Expo және Mobile World Congress форумдары өткізіледі. Көрмеден қала экономикасына жыл сайын 2,6 млрд еуродан астам табыс түседі.