Елордада пирамида үшін өзін өртеп жіберген әйел енді полицейлерді кінәлап отыр

0
743

​Елордада қаржы пирамидасына 20 миллион салып, алдандым деп әділдік іздеген Бағила Досмаилова полицейлерге кінә артуда. Ол ішкі Істер министрлігі ғимаратының алдында блогерлердің әрекетінен емес, полицияның сөзіне қарсы шығу үшін өзін өртегенін айтты.


Елордада пирамида үшін өзін өртеп жіберген әйел енді полицейлерді кінәлап отыр

ERNUR.KZ. Болған жағдайды түсіндірген бейнежазбасын ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеді, деп жазады exk.kz.

Mudarabah Capital қаржы пирамидасына миллиондап қаржы салған салымшылардың бірі Бағила Досмаилова өзін өртеу себебі полициямен байланысты екенін айтып отыр. Тіпті әлеуметтік парақшасынан блогер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовты кінәлап жазған постын не үшін өшіргенін және бұл істің басында Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары бар екеніне де тоқталған.

"Алғаш полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов барлық іске блогерлер кінәлі деп айтты. Мен құзырлы органда істейтін адамның сөзіне сендім. Ол маған негізгі кінәні блогерлерге артсаң барлық іс оңынан болады деді. Сол себепті әділдік үшін мен барынша соларды кінәлауға тырысқанмын. Себебі қомақты ақшамды қайтарып алғым келді. Осылайша жағдайға тереңдей түскенімде көптеген істің жасырын қалғанын, біздің арыз-шағымдарымыз жерде шашылып жатқанын көрдім. Бұл істегі негізгі фигуранттарды жасырғанын біліп, шу шығардым. Мұнан кейін "неге?" деп сұрағанымда маған "сен ешкім емессің, қолыңнан ештеңе келмейді. Біз істі осы күйінде жаба саламыз" деп қорқытты. Мен сол үшін өзімді өртедім", — дейді жыларман болған Бағила.


Еске салайық, ЭК бұған дейін Елордада қаржы пирамидасына 20 миллион теңге салған әйел өзін-өзі өртеп жібергенін жазған еді. Кейін бұл іске қатысты полиция түсініктеме берді. Сосын қаржы пирамидасын жарнамалаған вайнерлер қамауға алынды.