Оған 200-ден аса бала қатысты.
ERNUR.KZ. Елордадағы Оқушылар сарайында балаларға арналған жаңажылдық шырша тойы өтті, деп жазады Елорда Инфо.
Іс-шараға 200-ден аса жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар, сондай-ақ оқу үздіктері қатысты.
Мерекелік ертеңгілік барысында сөз алған қала әкімі Алтай Көлгінов шәкірттерді және олардың ата-аналары мен ұстаздарын Жаңа жыл мейрамымен құттықтай келе:
"Биыл астаналық оқушылар тамаша табыстарға жетті. Атап айтсақ, балаларымыз республикалық олимпиадада 103 медальға ие болды. Оның 21-і - алтын, қалғаны - күміс пен қола. Ал халықаралық олимпиадада 53 медальді қоржынға тоғытты. Оның 9-ы - алтын. Келесі жылы бұдан да үлкен жетістіктерді бағындыра беріңдер. Бұл үшін біздер, үлкендер, сендерге барлық қолайлы жағдайды жасаймыз", - деді.
Елорда әкімінің кеңесшісі Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, қараша айының соңынан бастап әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардан шыққан 15 мыңнан аса астаналық бала үшін әртүрлі деңгейдегі қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылған.
"Оның ішінде жеткіншектерді театр мен кинотеатрға, дельфиндер шоуына, сырғанаққа апару секілді бірқатар ойын-сауық түрі қарастырылған. Сондай-ақ ерекше қажеттілікті талап ететін балалар мен жасөспірімдер үшін арбалар мен 10 инватаксиді сыйға тарттық. Мұның бәрі Нұр-Сұлтанды қайырымды қалаға айналдыру мақсатында іске асып жатыр", - деді ол.