Елордада соғыс ардагерлеріне 1 млн теңгеден қаржылай көмек беріледі

0
431

Нұр-Сұлтанда қазіргі уақытта Ұлы Отан соғысының 25 ардагері тұрады.


Елордада соғыс ардагерлеріне 1 млн теңгеден қаржылай көмек беріледі

Елорда мәслихатының 2017 жылғы 12 желтоқсандағы № 221/25-VI шешімімен бекітілген «Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасына» сәйкес 9 мамыр мерекесіне орай біржолғы төлемдер жоспарланған. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек беріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтанда қазіргі уақытта Ұлы Отан соғысының 25 ардагері тұрады.

Сонымен қатар басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, яғни Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауға қатысқан әскери қызметшілерге, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне, Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының өкілдеріне 20 АЕК (58 340 теңге) көлемінде (708 адам) төлем жасалады.

Сол сияқты жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендерге, нақтырақ айтқанда ҰОС кезінде қызмет еткен әскери қызметкерлерге, фашистік Германияға қарсы соғыс қимылдарына қатысқан адамдарға, Ленинград қаласындағы блокада кезінде жұмыс істеген азаматтарға, концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға, әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедек болған адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуынан зиян шеккен балалары секілді азаматтарға 35 АЕК (102 095 теңге) көлемінде (415 адам) төлем жасалады.

Бұдан бөлек, еңбек ардагерлері, «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес басқа да адамдарға, яғни Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Даңқ, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлеріне, "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған адамдарға, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға, тыл ардагерлеріне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, Ұлы Отан соғысында қайтыс болғандардың әйеліне 11 АЕК (32 087 теңге) көлемінде (2695 адам) төлем жасалады.

Барлығы 3843 адамға 195 159 583 теңге төлеу жоспарланып отыр.