Полиция ер адамды аман алып қалды. Тексере келгенде, оның мас екені анықталды.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанда өз-өзін өртемек болған азаматты полиция құтқарып қалды, деп жазады Zakon.kz.
Шамамен сағат 16.30 уақытында "102" шұғыл байланыс желісіне "Қабанбай батыр даңғылында орналасқан кеңсе ғимаратында белгісіз біреу үстіне бензин құйып, өзін өртеп жіберемін деп қорқытқандығы туралы" хабарлама түскен. Оқиға орнына тез жеткен патрульдік полиция қызметкерлері ер адамның арынын басып, қайғылы жағдайдың алдын алды. Одан соң ол сұрақ-жауап алу үшін полиция бөліміне жеткізілді.
Өзіне қол салмақ болған адам өз әрекетін жұмыс берушімен жанжалдасып қалғанымен түсіндірді. Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, ер адам мас күйінде болған.
Осы факт бойынша, 30 жастағы елордалық азаматтың үстінен әкімшілік іс қозғалды. Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің "Алкогольдік ішімдік ішу немесе мас күйінде қоғамдық орындарда көріну" және "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша іс қаралуда.