Елордадағы автобус апаты: «Астана LRT» зардап шеккендерді іздестіріп жатыр

0
1 008

26 наурызда елордада үлкен жол-көлік апаты болды. Қала маңына қатынайтын 301-ші бағдардың экспресс-автобусы қатты жылдамдықпен бағдаршамда тұрған 12-інші автобусқа соғылған болатын.


Елордадағы автобус апаты: «Астана LRT» зардап шеккендерді іздестіріп жатыр

ERNUR.KZ. «Астана LRT» ЖШС 26 наурыз күні жолаушылар автобустары мен жеңіл көліктердің соқтығысуынан зардап шеккендерге сақтандыруды қалай төленетінін түсіндірді, деп жазады ҚазАқпарат.

Компанияның баспасөз хатшысы Науат Азанбаева хабарлағандай, «Астана LRT» ЖШС мен «№1 автобус паркі» АҚ өкілдері зардап шеккендерге ауруханаға барып, төлемдер бойынша қажетті ақпарат берген. Дегенмен, өтемақының берілу тәртібін әлі де білмейтін азаматтар бар.

«Бұған дейін №1 автобус паркі зардап шеккендерге өтемақы төлейтін сақтандыру компаниясымен шарт жасасты. Алайда, төлемдер тек сот шешімінен кейін беріледі. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Сот шешім шығарған соң зардап шеккендерге өтемақы төленеді», - деп хабарлады Науат Азанбаева.

Қазір зардап шеккендер немесе олардың өкілдері келесі орындарға хабарласа алады:

1. Егер сіз №53 және 12-інші автобустардың жолаушысы немесе жол көлік-оқиғасына түскен жеңіл автокөліктің иесі немесе жолаушысы болсаңыз, онда Сарайшық көшесі, 5 (ЖК Лазурный квартал) мекенжайы бойынша орналасқан «Nomad Insurance» сақтандыру компаниясына хабарласуыңыз қажет.

2. Егер сіз № 301 автобустың жолаушысы болсаңыз, онда №1 Автобус паркіне (мекенжайы: Пушкин көшесі, 37/2) хабарласу керек. Бұл ретте өтініш білдіруші келесі құжаттарды ұсынуы тиіс: 1. Жеке куәлік; 2. Зардап шегушінің өкілі жүгінген жағдайда нотариалды куәландырылған сенімхат;

3. Билет немесе көлік картасының нөмірі бойынша сапарларды (детализация) нақтылайтын мәлімет. Оны «Астана LRТ» ЖШС-дан алуға болады.

«Аталған мекен жайларда зардап шеккендер барлық сұрақтар бойынша кеңес ала алады», - деп хабарлады компаниядан.

Айта кетейік, 26 наурызда елордада үлкен жол-көлік апаты болды. Қала маңына қатынайтын 301-ші бағдардың экспресс-автобусы қатты жылдамдықпен бағдаршамда тұрған 12-інші автобусқа соғылды. Өз кезегінде 12-автобус екпінмен жедел медициналық жәрдем көлігі мен тағы бір автобусқа соғылды. Салдарынан 301-ші бағдардың жүргізушісі және алдыңғы орында отырған бір жолаушы көз жұмды. 36 адам зардап шекті. «Astana LRT» басшысы Бекмырза Игенбердинов бұған дейін зардап шеккендерге өтемақы төленетінін мәлім еткен болатын.