Елжан Біртанов: Соңғы үш жылда ЭКО арқылы 14 000 сәби өмірге келді

0
1 401

Денсаулық министрінің айтуынша, шетелден З-Д принтер қолдану, гибридті ота жасау, роботтандырылған хирургия және тағы да басқа инновациялық технологиялар енгізілді


Елжан Біртанов: Соңғы үш жылда ЭКО арқылы 14 000 сәби өмірге келді

ERNUR.KZ. Еліміздегі тұрғандардың өмірін жоғары деңгейге жеткізуге бағытталған мемлекеттік құрылыстың барлық салаларында қайта құру процестері жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Бұл туралы Астанада өткен «Денсаулық сақтаудағы инновациялар» халықаралық ғылыми - практикалық форумында айтылды, деп жазады baq.kz.

Бұл тұрғыда халыққа медициналық көмекті ұйымдастырудың заманауи деңгейіне қол жеткізуге, ең алдымен медицина ғылымын дамытуға және денсаулық сақтау ұйымдарында инновацияларды енгізуге бағытталған денсаулық сақтауды реформалаудың ауқымды жоспарлары жүзеге асырылуда.

«Инновация жүйесі денсаулық сақтаудағы инновациялық тәсілдерді әзірлеу, тестілеу, бағалау және тарату үшін көлік құралы ретінде қызмет етуі тиіс», - дейді Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Денсаулық министрінің айтуынша, шетелден З-Д принтер қолдану, гибридті ота жасау, роботтандырылған хирургия және тағы да басқа инновациялық технологиялар енгізілді. Бұл бағыттардың көбі Қазақстандағы ғылыми орталықтар мен зертханаларында дамып келе жатыр.

«Соңғы үш жылда ғана денсаулық сақтау жүйесіне диагностика жасау мен емдеудің жаңа 99 тәсіл енгізілді. Соңғы үш жылда 266 технология коммерцияланса, оның 86,5%-ын отандық ғалымдар құрастырған. Бүгінгі таңда отандық денсаулық сақтау саласы бұрын балалы болу бақыты бұйырмаған отбасыларға көмектесуде. Соңғы үш жылда ЭКО заманауи технологиясын сәтті қолдану арқасында 14 000 сәби өмірге келді», - дейді ол.

Аталған форумға қатысушылардың бірі, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау Министрлігі Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарованың айтуынша, Қазақстанға соңғы жылдары онкология саласында да инновациялық емдеу тәсілдері қарқынды түрде енгізіліп жатыр.

«Рак дертіне шалдыққан жағдайда иммунды терапия жүргізетін Нобель сыйлығын алған препарат бар. Ол дәрі қазіргі уақытта Қазақстанда да бар. Аталған иммунды терапия соңғы 5-6 жылда өкпе рагы, бүйрек рагы, милономия дертін емдеу мақсатында қолданылады. Аталған әдіс жетілдіріле түсуде. Жалпы ісікке емес, дерттің асқынуына жауап беретін бөлігіне ғана әсер ететін басқа да дәрі-дәрмектер нарыққа шығып жатыр. Бұл әдістемелердің бәрі бізде қолданылады. Оны қолданысқа енгізу үшін онкологиялық аурулармен күрес бойынша кешенді жоспар құрылған. Ол үшін келесі жылы жаңа медициналық құрылғы сатып алу үшін қосымша 35 миллиард теңге бөлінеді. Бұл құрылғылар бұрын біздің елде қолжетімсіз болған, енді байқау негізінде келесі жылдан бастап мұндай құрылғыларды мемлекеттік жеке серіктестік аясында сатып алатын боламыз», - дейді Диляра Қайдарова.

Сондай-ақ, барлық өңірде сәулелі терапия аппараттары жаңартылатын болады. Бұл сәулелі терапияның заманауи әдісін қолдануға мүмкіндік береді.

«Заманауи әдістер науқастар үшін қолжетімді, әрі тегін болады. Жаңа онкологиялық орталықты салу барысында протонды терапия орталығы да салынады. Әлем бойынша мұндай 57 ғана орталық бар. Протонды терапия асқынып кеткен дертке қолданылады және адам денсаулығына зиянсыз болып саналады. Көбінесе ми обырына шалдыққан, көздің мүйізгек қабығында обыры бар балаларға қолданылады. Қаншама науқас дәл осы ем түрін алу үшін шетелге барады, сондықтан осы инновациялық әдіс біздің мемлекетте де қолданылатын болады», - дейді ол.

22-23 қараша күндері Астана қаласында жылдың ең басты медициналық шарасы өткенін жазған болатынбыз. Отандық және шетелдік білікті дәрігерлердің қатысуымен өтіп жатқан форумда болашақ роботты хирургияда екені айтылды.