Емханаларға бұдан былай тек ХҚКО арқылы ғана тіркелуге болады

0
868

Бұл шара емханалардың өкілеттігін асыра пайдалануына жол бермеу мақсатында қолға алынған.


Емханаларға бұдан былай тек ХҚКО арқылы ғана тіркелуге болады

ERNUR.KZ. Қазақстанда емханаларға тіркеу Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Бұл шара емханалардың өкілеттігін асыра пайдалануына жол бермеу мақсатында қолға алынып отыр. Өйткені, елімізде тұрғынарды «сырттай» тіркеу фактілері бары жасырын емес. Бұрын заң бұзушылық болған-болмағанын анықтау үшін адамдардың қолтаңбасын салыстырып, құжаттарды тексеру қажет болатын. Қазір қызмет автоматтандырылды, сондықтан бұдан былай оны тексеру қиындық тудырмайды, деп жазады Елорда Инфо.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарушы директоры Забира Оразалиеваның мәлімдеуінше, бұл азаматтар үшін қосымша тосқауылдар тудырмайды. Керісінше, тіркеу процесін ашық, объективті жүргізуге мүмкіндік береді.

«Халыққа қызмет көрсету орталығында кезекке тұрудың қажеті жоқ. Онда өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған бұрыштар бар. Арнайы мамандар электронды цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, емханаға тіркелуге көмектеседі. Ал, егер цифрлық қолтаңбаңыз болса ешқайда бармай-ақ, egov.kz электронды үкімет порталы арқылы да тіркелуге болады», - деді Забира Оразалиева.

Басқарушы директордың сөзіне сүйенсек, Қор басшылығы тіркеу процесін емхана қызметкерлерінің араласуынсыз ұйымдастыру мақсатында осындай қадамға барып отыр. Өйткені, емхананың тіркеу бөлімі тіркелу үшін мекенжай анықтамасын, тіпті, анализ тапсыруды талап еткені жайлы арыз-шағым көп көрінеді. Шын мәнінде, тіркелу үшін жеке куәлік пен бас дәрігердің атына жазылған өтініштен басқа құжат қажет емес.