Еңбек өтілі 30 жылдан асқан педагогтарды біліктілік тестілеуден босату ұсынылды

0
751

Зейнетке шығуына 4 жыл қалған мұғалімдер де жаңа жүйе бойынша бар санатын растаған жағдайда оларды аттестациядан босату ұсынылады.


Еңбек өтілі 30 жылдан асқан педагогтарды біліктілік тестілеуден босату ұсынылды

ERNUR.KZ. ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов педагогтардың аттестациядан өту жүйесін жетілдіру бойынша ұсынылған өзгерістер туралы айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Жыл басында мұғалімдердің, ауыл директорлары мен директор орынбасарларының, қала мектептерінің, білім бөлімдері мен білім басқармалары өкілдерінің қатысуымен педагогтардың аттестациядан өту жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы өз ұсыныстарын жасады. Негізінен олар әдістемеге, әрбір біліктілік санатына қойылатын талаптарға, күтілетін нәтижелерге, кәсіби стандарттың өзара байланысына және т.б. қатысты. Қазіргі уақытта барлық педагог аттестацияның екі кезеңінен өтеді: бірінші кезең - барлық педагогтің пән мен оқыту әдістемесін білуге арналған тестілеуден міндетті түрде өтуі және екінші кезең-педагог портфолиосын, жетістіктерін бағалау» деп жазды министр.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мынадай өзгерістер ұсынылады:

Бірінші кезеңге, яғни ҰБТ-ға (Ұлттық біліктілік тесті) қатысты.

1. Әдістеме бойынша тестілеу сұрақтарын қамтитын толық тақырыптар мен әдебиеттер барлығына қолжетімді болады.

2. Педагогикалық өтілі 30 жыл және жаңа аттестация жүйесі бойынша санаты бар педагогтерді біліктілік тестілеуден босату ұсынылады. Олар аттестацияның екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады. Бұл ретте егер олар біліктілік санатын көтергісі келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді. Мысалы, 30 жылдық еңбек өтілі бар педагог-сарапшы өз санатын растаса, аттестациядан тек екінші кезеңнен ҰБТ-сыз өтеді, ал арттырғысы келсе қосымша ҰБТ тапсырады.

3. Сондай-ақ педагогикалық өтілі 30 жыл, бірақ ескі аттестаттау жүйесі бойынша жоғары, бірінші санатты педагогтер, «педагог-модератор» санатына ауысатын болса, онда олар біліктілік тестілеуден өтуден босатылады. Бұл жағдайда олар аттестацияның екінші кезеңінен өтеді, яғни портфолио тапсырады. Ал егер бұл педагогтер аттестацияның жаңа жүйесі бойынша басқа санаттарды алғысы келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді.

4. Зейнетке шығуына 4 жыл қалған мұғалімдер де жаңа жүйе бойынша бар санатын растаған жағдайда оларды аттестациядан босату ұсынылады. Ал егер олар қолданыстағы біліктілік санатын, тиісінше алатын үстемақысын арттырғысы келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді.

Аттестацияның екінші кезеңінде де өзгерістер болады.

1. Құжаттардың саны айтарлықтай қысқарады. Екінші кезеңдегі негізгі бағалау критерийлері: сабаққа қатысуы және оны талдауы, педагогтің біліктілікті арттыру курстарынан өтуі. ҰБДҚ-да әр мұғалім үшін маңызды ақпараты бар электронды портфолио құру жоспарланып отыр, мұғалімдер аттестация кезінде мәліметтерді сол жерден ала алады.

2. Оқушылардың білім сапасы туралы ақпарат ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады.

3. Педагогтың кәсіби жетістіктері мен оқушылардың жетістіктеріне келетін болсақ (олимпиадалар мен конкурстар), олимпиадалар мен конкурстардың тізбесі айтарлықтай кеңейтіледі.

4. Сабақтардың бейнежазбалары міндетті болмайды, оның орнына қатысқан сабаққа және lesson study талдау жасалады.

5. Сонымен қатар тестілеуден өту тәртібін бұзған және өз жетістіктері туралы жалған ақпарат көрсеткен тұлғаларға 5 жылға аттестациядан өтуге тыйым салатын норманы енгізу ұсынылды.

6. Педагогикалық қызметке алғаш рет кіріскендер «педагог-тағылымгер» уақытша біліктілігін алып, бір жылға жұмысқа қабылданады, содан кейін оларда мамандыққа бейімделу, ену бағдарламасы басталады. Бұл бағдарлама бойынша жас маманға тәлімгер бекітіліп, оның кәсіби даму бағдарламасы әзірленеді, курстардан өтіп, lesson study жүргізеді және бағдарлама қорытындысы бойынша педагогикалық кеңес «педагог» санатын беру және шартты ұзарту туралы тиісті шешім қабылдайды.

7. Аттестация мерзімін 3 жылға дейін қысқартпай, 5 жылда бір рет, яғни сол күйінде қалдыру туралы шешім қабылданды.