Енді әлеуметтік желіде ақша табатындар салық төлеуі мүмкін

0
653

Бүгін Мәжіліс 7 депутат ұсынған «онлайн платформалар» мен «онлайн-жарнама» туралы заң жобасын жұмысқа алды.


Енді әлеуметтік желіде ақша табатындар салық төлеуі мүмкін

ERNUR.KZ. Мәжілістің жалпы отырысынан кейін кулуарда депутат Айдос Сарым онлайн платформалардың жұмысына қатысты заң жобасының мәнін түсіндірді, деп жазады baq.kz.

Бүгін Мәжіліс 7 депутат ұсынған «онлайн платформалар» мен «онлайн-жарнама» туралы заң жобасын жұмысқа алды. Оның негізінде болашақта Салық кодексі сияқты ауқымды құжаттардың дайындығын қамтамасыз етеді. Оның ішінде көптеген жаңа ұғым бар. «Мақсатты», «таргеттік жарнама» деген түсінік енгізіледі. Осының негізінде мемлекеттік, салық, қаржы органдары тиісті органдармен жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Бұл - әділеттік мәселесі. Мысалы, журналистер еткен еңбегі үшін салық төлейді. Ал көп азамат заңдағы олқылықты пайдаланып, конвертпен ақша алуға жоқ емес. Егер бұл заң қабылданса, онда онлайн-платформалардың жұмысын реттейді, - деді Сарым.

Депутаттың айтуына қарағанда, белгілі бір қолданушының саны асқан соң, әлеуметтік платформа бірқатар мәселені қамтуы керек болады.

Яғни, кез келген әлеуметтік желінің контенті орыс тілінде жазылып, испан тіліне аударылса, қазақ тіліне де солай аударылуы керек. Қазақ тілінде заңсыз контент болса, өздері модерация жасай алуы керек. Яғни, қазақша білетін маман болуы керек. Жалған ақпарат берушілерді жұмсарту туралы өзгерістер енгізіледі. Қазір кейбір азамат халықтан миллиардтаған қаражатты қайырымдылық үшін жинайды. Ол қайда кеткенін ешкім есептемейді, салық та төленбейді. Қоғамдық тыңдаулар өткіземіз. Кейін жұмыс тобы құрылуы керек, - деді ол.

Бұған дейін Мәжіліс «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» үш ілеспе заңды жұмысқа қабылдағанын хабарлаған болатынбыз.