Енді туристер Бозжыра шатқалының аумағына кіру үшін ақша төлейді

0
1 978

​Танымал туристік жерлерге кіруден түскен қаржы жергілікті бюджетке түседі. Табиғи қорық аумағына кіру құны 291 теңгені құрайды


Енді туристер Бозжыра шатқалының аумағына кіру үшін ақша төлейді

ERNUR.KZ. Бозжыра шатқалының аумағына және Батыс Қазақстанның басқа да танымал туристік орындарына кіру ақылы болды. Қорықшылар 291 теңгеден жинауда, деп жазады sputniknews.kz.

Бұған дейін блогер Азамат Сәрсенбаев Бозжыра аумағына кіру ақылы екенін жазған болатын. Ол Бозжырадан 18 шақырым жердегі қорықшылардың кішігірім бөлмесі "касса" екенін айтты.

"УАЗ Патриот" мінген екі жас жігіт Жабайұшқан қорығының аумағына кірген әр көліктен мемлекет пайдасына 291 теңге төлеуді талап етеді. Қолма-қол төлем жасай алмайсыз, ұялы телефон арқылы төлеу мүмкін емес. Интернет жоқ. Соңында үйге келгеннен кейін мобильді қосымша арқылы төлеймін деп келістік. Қорықшы да сөзіме сенді", - дейді Азамат Сәрсенбаев.

Блогердің ақпаратын "Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің инженері Наурыз Әнесов растады. Облыстық мәслихат қаулысына сәйкес қорық аумағына кіру ақысы 1 наурыздан бері алынады.


"Тұзбайыр сорына, Жабайұшқан, Қызылсай, Тасорпа қорықтарына және басқа туристік жерлерге кіру үшін айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 10%-ін - 291 теңге төлеуіңіз керек. Кіру ақысын кез келген банк қосымшасы арқылы төлей аласыз. Қазір келушілердің басым бөлігі бұл туралы біле бермейді, сондықтан оларға ескерту ғана жасап жатырмыз", - деп түсіндірді Наурыз Әнесов.


Сондай-ақ, ол табиғи аймақтарға кіру үшін төлемді алдын ала төлеу керек екенін ескертті. Туристер төлем жасап болғаннан кейін, төлемді дәлелдейтін скриншот немесе түбіртекті арнайы WhatsApp нөмірі арқылы қорықшыларға жолдайды. Қорық қызметкерлері туристік аймаққа келген кезде ақының төленгені туралы түбіртектің бар-жоғын да тексерді.

WhatsApp телефон нөмірі: 8 (775) 659-89-59.

Туристік жерлерге кіру ақысы қалай төленеді (Kaspi.kz қосымшасы негізінде):

1. "Төлемдер" бөлімінде "Мемлекеттік қызметтер, айыппұлдар мен салықтар" бөлімін таңдаңыз;

2. "Салықтар" бағанында "Жеке тұлғалар үшін салық" белгілеңіз;

3. Өңірлер тізімінен Маңғыстау облысын таңдаңыз;

4. "Төлем түрі" бөлімінде KBK 107110 – "ЖБ-ке басқа да салық түсімдері" белгісін қойыңыз;

5. "МКБ таңдаңыз" бағанында ҚР ҚМ МКК Маңғыстау облысы бойынша МКД Қарақиян ауданы бойынша МКБ" РММ таңдаңыз;

6. Толық аты-жөніңізді, ЖСН, төлем мақсаты мен сомасын (291 теңге) толтырыңыз.


"Бозжыра" жобасына қатысты дау

Естеріңізге салсақ, қазақстандықтар әлеуметтік желі арқылы Бозжырада қонақ үй салуға жаппай наразылық білдірген болатын. Экологтар мен қоғам белсенділері қарсылық білдіріп, президент Қасым-Жомарт Тоқаев та үн қатты. Ол қорық аумағына салынатын жаңа қонақ үйдің құрылысына қатысты қоғамның теріс пікірін ескере отырып, үкіметке жобаны қайта қарау жөнінде тапсырма берді. Кейін экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев құрылыс жүргізілмейтінін жариялады.

Бұған қарамастан, шатқал аумағында құрылыс техникасы болғаны анықталды. Маңғыстау облысының әкімдігі бұл топырақты зерттеуге арналған бұрғылау қондырғысы екеніне сендірді.

6 ақпанда Маңғыстау облысында болашақ қонақ үй кешенінің эскиздері ұсынылған жұмыс жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өткізілді.