Эпидемиялық ахуал жақсарса, дәстүрлі оқытуға кезең-кезеңімен көшеміз – БҒМ

0
785

Егер санитарлық жағдай жақсарса, ең алдымен 1-5 сыныптар оқу процесіне кіріседі.


Эпидемиялық ахуал жақсарса, дәстүрлі оқытуға кезең-кезеңімен көшеміз – БҒМ

ERNUR.KZ. ҚР Білім және ғылым министрлігі эпидемиялық ахуал жақсарған жағдайда дәстүрлі оқыту форматына кезең-кезеңімен көшеді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ең алдымен, бұл жағдайда балалар мен педагогтардың, жалпы халықтың денсаулығын ескеруіміз қажет. Білім беру саласындағы құзырлы орган ретінде министрліктің сапалы білім мен балалардың денсаулығы арасында теңгерім табуы қажеттігін, оған жауапты екендігімізді түсінеміз. Санитарлық-эпидемиялық ахуалға қарай әр аймақта оқыту форматын ауыстыру бойынша шешім қабылданады. Яғни, жалпы республика бойынша ортақ бір шешім қабылданбайды. Барлығы санитарлық-эпидемиялық ахуалға байланысты болады», - деді вице-министр «Атамекен» ҰКП өткізген онлайн жиналыста.

Оның айтуынша, министрлік дәстүрлі оқыту форматына кезең-кезеңімен көшу бойынша жоспар әзірлеп қойған.

«Егер санитарлық жағдай жақсарса, ең алдымен 1-5 сыныптар оқу процесіне кіріседі. Бұл уақытта 6-11 сыныптар қашықтан оқытылады. Жағдай тағы жақсара түссе, 6-11 сыныптар да штаттық режимге көшіріледі. Мектептерде санитарлық қауіпсіздік шаралары сақталады», - деді Ш. Қаринова.