Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркияның Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысқан.
ERNUR.KZ. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қазақстандағы тұрақтылықтың бүкіл аймақ үшін маңызды екенін атап өтті. Бұл туралы ол Мәжіліс спикері Ерлан Қошановпен кездесуінде айтты, деп жазады tengrinews.kz.
Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркияның Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысқан. Шара аясында Қошанов Түркия басшысымен кездесті.
"Елдеріміз арасындағы ынтымақтастық жыл сайын нығайып келеді. Бұл көбіне сіз бен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арасындағы достық қарым-қатынас пен жемісті диалогтың нәтижесі. Сіздің Қазақстанға биыл қазанда жоспарланған сапарыңызды асыға күтеміз. Мен бұл сапар бауырлас елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеріп, оларды одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатынына сенімдімін", - деді Ерлан Қошанов Ердоғанға сөйлеген сөзінде.
Өз кезегінде Түркия президенті Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы және жалпы түркі әлемі үшін рөлін жоғары бағалады, сондай-ақ Мәжіліс төрағасына IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуына қатысқаны үшін алғыс айтты.
"Қазақстандағы тұрақтылықтың бүкіл аймақ үшін маңызы зор. Осыған байланысты мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырған реформалардың маңыздылығын және оның кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасын жоғары бағалаймын. Мен сіздің елдегі оқиғаларды мұқият бақылап отырамын. Жалпы, Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қарым-қатынас жоғары деңгейде, бұл мәселеде парламентаралық ынтымақтастыққа үлкен мән беріліп отыр", - деді Ердоған.
Мәжіліс төрағасы Қазақстанның кезекті V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге өтініш білдіргенін айтып, түркі жұртшылығы бұл ұсынысты қолдайтынына сенім білдірді. Мәжіліс спикері Түркияның экс-премьер-министрі Бинали Йылдырыммен де кездесті.