Ерлан Қарин Президенттің Жолдауда қандай мәселелерді көтеретінін мәлімдеді

0
355

Ертең Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялайды.


Ерлан Қарин Президенттің Жолдауда қандай мәселелерді көтеретінін мәлімдеді

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ертең болатын Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қандай мәселелер көтерілетінін мәлімдеді. Ол бұл туралы өзінің Тelegram арнасында жазды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Ертең Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялайды. Онда елдің таяу кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтары айқындалады. Сонымен қатар 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауын іске асырудың аралық қорытындысы жасалады. Барлық жұмыстар арнайы Жалпыұлттық жоспар аясында жүргізілуде. Ол 103 бөлімнен тұрады. Олардың басым бөлігі орындалды, қалғанының іске асуы Президент Әкімшілігінің бақылауында», - деп жазды Ерлан Қарин.

Бұған қоса, Мемлекеттік кеңесші өткен жылғы Жолдау аясында атқарылған жұмыстарға, олардың мән-маңызына тоқталды.

«Маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі - мәдениет, архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын 2025 жылға дейін орта есеппен 20 пайызға кезең-кезеңімен көтеру. Сондай-ақ, заңнамаға ең төменгі жалақыны 60 мың теңге етіп бекіту және оны салық, әлеуметтік және басқа да салаларда есептік көрсеткіш ретінде алып тастау туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

2025 жылдың соңына дейін кемінде 1000 мектеп салу бойынша жол картасы бекітілді. Тұрғын үй мәселелерін шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Отбасы банкі» арқылы жеңілдікпен жалпы сомасы 230 млрд теңге болатын 20 мыңнан астам қарыз берілді.

Ұлт саулығын нығайту мақсатында нақты қадамдар жасалды. Атап айтқанда, «Биологиялық қауіпсіздік туралы» Заң қолданысқа енгізілді. Бұған қоса, халықтың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеуден өткен коронавирус инфекциясына қарсы вакциналарға қолжетімділігі қамтамасыз етілді.

Саяси жаңғыру мен адам құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар толық іске асырылды. Адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту және заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін аса ауыр санаттағы қылмыстық істер бойынша айыптау актілерін дайындау ісінде прокурорлардың құзыреті кеңейтілді.

Өкілетті органдар 2022 жылға арналған алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен іс-шаралар кешенін іске асыруда.

Заң шығарушы органдармен білім беру, стресті активтер нарығын дамыту және басқа да салалар бойынша заңдар қабылданды. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспары, 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы бекітілді. Бұл - Президенттің 2021 жылғы Жолдауы аясында іске асырылған маңызды бастамалардың аз бөлігі ғана», - деп атап өтті Мемлекеттік кеңесші.

Ерлан Қариннің мәлімдеуінше, аталған бағыттар бойынша жұмыстар алдағы уақытта жалғаса бермек. Оның сөзінше, елдің орнықты дамуына тікелей әсер ететінін бастамалар - келешектегі жаңа реформаларға негіз болады.