"Ешкім кешірмейді": вице-премьер шұғыл шара қабылдауды тапсырды

0
717

​Тоғжановтың айтуынша, кейбір өңірлерде жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары әлсіз жүргізіліп жатыр, оқушыларда әлі компьютер жоқ.


ERNUR.KZ. Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов білім басқармаларының басшыларына жаңа оқу жылына дайындық бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды, деп ды Sputnik Қазақстан.

Ол Қазақстанда коронавирус бойынша жағдай тұрақталғанын, бірақ вирус жұқтыру қаупі әлі де барын атап өтті.


"Еуропаның бірқатар елінде вирус қайта тарап жатыр. Оқушыларды штаттық режимде оқытсақ қайтеді деген әңгіме жүріп жатқанын білемін, түрлі ұсыныстар түсуде. Бірақ, балалардың денсаулығынан асқан ештеңе жоқ. Егер балалармен бірдеңе болып қалса, бізді ешкім кешірмейді. Мектептер мен балабақшалар айрықша бақылау нысанына айналуы тиіс. Оқу процесіне жұмылдырылған барлық адам балалардың денсаулығына жауапты", - деді Тоғжанов онлайн өткен республикалық тамыз конференциясында.


Вице-премьер жаңа оқу жылына тыңғылықты дайындалуды тапсырды. Мектептерде дезинфекция құралдарын пайдаланып, тазалық жұмыстарын жүргізу қажет. Әрбір сыныпта дайындық актісі болуы тиіс. Ғимаратқа кіре берісте сүзгі ұйымдастырып, тепловизорлар, дезинфекциялық өткелдер орнатып, аяқ киімге арналған кілемшелер төсеу керек.


"Балалар бір сыныптан екіншісіне көшіп жүрмес үшін әрбір сыныпқа жеке оқу кабинеті бекітілуі тиіс. Мектептерде медициналық кабинеттердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажет", - деді ол.

Тоғжанов кейбір өңірлердің жаңа оқу жылына дайындығы әлсіз екенін айтты.


"Бірнеше күн қалды, ал балаларымызда әлі компьютер жоқ, мектептерде мұғалім тапшы. Білім басқармаларының басшыларына оқу жылына дайындық бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын. Бұл әрбірінің жауапкершілігі", - деді үкімет басшысының орынбасары.


Коронавирус пандемиясына байланысты қазақстандық оқушылар жаңа оқу жылын қашықтан оқыту форматында бастайды.