Полиция мәліметінше, балабақшада екі ер адам жұмыс істейді. Бірі каратэ жаттықтырушысы, екіншісі күзетші.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысы Сарыкемер ауылында балабақша тәрбиешісі екі жасар қызды азғындамақ болған. Бұл туралы қыздың анасы мәлімдеді, деп жазады stan.kz.
Қыздың анасының мәлімдемесі желіде жарияланды. Ақпаратқа сәйкес, болған оқиға туралы баланың өзі айтқан.
"Жексенбі күні қызым естен танатындай сөз айтты. "Мама, өзім жуа берсем бола ма?" деп сұрады. Мен "Жуа бер, бірақ менен және апаңнан басқа ешкімге ұстатпа" деп едім. 5 минут отырып айтқан сөзі "Садикте аға жалайды ғой” деп. Көзі жыпылықтап, өзгеріп кеткен. Психологқа апардық", – делінген жазбада.
Оқиға "Мұрагер" балабақшасында болған. Бұл туралы пікір білдірген Жамбыл облыстық полиция департаменті арнайы комиссия құрамында тексеріс жүргізгенін мәлімдеді.
"Кәмелетке толмаған баланың дәлелдері тексерілді, қажетті тергеу амалдары жүргізілді, бейнебақылау камералары зерттелді. Сондай-ақ психологтар қызбен әңгімелесу жүргізді. Кәмелетке толмаған баланың анасы арыз беруден бас тартты. Осы дерекке қатысты арнайы республикалық комиссия келіп, қосымша тексеру жұмыстарын жүргізуде", – делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, балабақшада екі ер адам жұмыс істейді. Бірі каратэ жаттықтырушысы, екіншісі күзетші. Анықталғандай, бала жаттықтырушыны танымайды екен. Ал күзетшіні “ата” деп атайтыны белгілі болды. Сондай-ақ бұған дейін баланың анасы мен балабақша әкімшілігі арасында жанжал туындаған.
“Анасының мәлімдемесін бала растай алған жоқ, қойылған сұрақтарға жауап бере алмады. Бұған дейін баланы анасымен бірге тұратын ер адам алып кетуге келген. Алайда бұл туралы балабақша әкімшілігіне ескертпеген. Сондықтан баланы бөгде азаматтың алып кетуіне рұқсат бермеген. Бұл анасының наразылығын тудырған. Қазір сұрақ құзырлы орган өкілдерінің бақылауында. Барлық мән-жайы анықталып жатыр”, – деп қосты полиция департаментінің өкілдері.