Француз корпорациясы Қазақстанда АЭС салуға қызығушылық білдірді

0
602

​Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.


Француз корпорациясы Қазақстанда АЭС салуға қызығушылық білдірді

ERNUR.KZ. "Самұрық-Қазына" компаниясы мен француздың Orano корпорациясы Қазақстанда атом өнеркәбін дамыту мәселесін талқылады, деп жазады sputnik.kz.

"Француз тарапы Қазақстанда таза энергия көзі ретінде атом электр станциясын салу жоспарына үлкен қызығушылық танытты", - делінген ресми хабарламада.
Кездесу кезінде "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев бұл бастаманың пысықталып жатқанын, ал соңғы шешім әлі қабылданбағанын жеткізді.
"Қалай болғанда да, біз энергия көздерін әртараптандыруға және теңгерімді энергетикалық тұрақтылықты құруға ниеттіміз. Мақсатымыз – ядролық қана емес, сонымен бірге газ және жаңартылатын қуат көздерін дамыту", – деді Сәтқалиев.
Келіссөздердің негізгі тақырыбы еліміздің оңтүстігінде уран өндіретін KATCO бірлескен қазақ-француз кәсіпорнының жұмысына арналды. Орано басшылығы өнеркәсіп нысандарын пайдалану үшін 12 МВт күн электр станциясын салуды ұсынды. Тараптар күкірт қышқылын өндіру жобасын жүзеге асыру болашағын, сондай-ақ Ораноның шетелдік жобаларына бірлескен инвестиция тарту мүмкіндіктерін де талқылады.
Орано (бұрынғы Areva) — француз трансұлттық корпорациясы, ядролық отын өндірісі бойынша әлемдік үздік компания. "КАТКО" БК" ЖШС – "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ ("Самұрық-Қазына" АҚ құрамына кіреді) мен "ОРАНО Майнинг" АҚ бірлескен кәсіпорны. KATCO Түркістан облысындағы Мойынқұм кен орнында уран өндіреді. Ол әлемдегі ең ірі уран өндіруші кәсіпорындардың бірі болып саналады.