Германия мен Чехия Қазақстанға өз қару-жарағын экспорттаудан бас тартты

0
590

Өткен жылы Чехияның Қазақстанға экспорттаған материалдардың құны 330 мың еуроны құраған.


Германия мен Чехия Қазақстанға өз қару-жарағын экспорттаудан бас тартты

ERNUR.KZ. Чехия Қазақстанға әскери техника мен қаруды экспорттауға ұлттық кәсіпорындар мен компанияларға лицензия беруді тоқтатты, деп жазады inbusiness.kz.

Атап айтқанда, демонстранттарды тарату үшін пайдаланылуы мүмкін қару-жарақ пен жауынгерлік машиналарды, сондай-ақ химиялық заттар мен басқа да құралдарды экспорттауды тоқтатты.

Лицензияларды беруді тоқтата тұру туралы шешімді Чехия СІМ басшысы Ян Липавский қабылдады. Сондай-ақ, Премьер-министр Петр Фиала Братиславадағы іс-сапары кезінде Чех саясаты адам құқықтарын құрметтеу қажеттілігін үнемі ұстанатынын және өз тұрғындарына қарсы зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін айтты.

"Үкімет пен Сыртқы істер министрлігі елдегі Чехия азаматтарының қауіпсіздігін бақылауға тырысады және көмектесуге дайын", - деді ол.

Өткен жылы Чехияның Қазақстанға экспорттаған материалдардың құны 330 мың еуроны құраған. Ал 2019 жылы коронавирустық пандемия басталғанға дейін бұл сома 3,8 миллион еуроны қамтыған.

Қазақстанға қорғаныс өнімдерін экспорттауды Германия да тоқтатты. Өткен жылы Қазақстанға 2,2 млн еуро сомасына қорғаныс өнімдерін жеткізуге 25 лицензия берілген. Dpa мәліметтері бойынша, мұндай тауарлардың экспорты бұдан былай болмайды. Қазақстан Неміс қорғаныс өнімдерінің жалғыз тұтынушысы емес.

Десек те, 2021 жылғы желтоқсанда жарияланған Бонн халықаралық конверсия орталығының (BICC) баяндамасына сүйенсек, соңғы жылдары ГФР тұрақты түрде Қазақстанға аңшылық және спорттық винтовкаларды, техникалық барлау жүйелерін, жеңіл тікұшақтарды, сондай-ақ Байқоңыр ғарыш айлағына арналған спутниктік және зымыран отынын жеткізіп тұрған. Сонымен қатар, Қазақстан Неміс тапаншаларын да сатып алған.

Атап айтқанда, Sig Sauer неміс қару-жарақ фирмасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қауіпсіздік қызметі және терроризмге қарсы күрес жөніндегі "Арыстан" арнайы бөлімшесі үшін бірнеше жүздеген тапанша жеткізген.