Грантпен ЖОО-да оқыған түлектер ауылда 3 жыл жұмыс істейтін болады

0
1 015

Жаңа заң бойынша ауылдық квотамен ауыл шаруашылығы мамандықтарында оқыған ЖОО-ның түлектері ауылдық жерлерде кемінде 3 жыл жұмыс істейді.


Грантпен ЖОО-да оқыған түлектер ауылда 3 жыл жұмыс істейтін болады

ERNUR.KZ. Ауыл жастарына арналған квота бойынша аграрлық жоғары оқу орындарын бітірген түлектер 2020 жылдан бастап ауылдық жерлерде 3 жыл жұмыс істеуге міндетті болады, деп жазады zakon.kz.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы саласы үшін мамандар даярлауға қатысты ұлттық заңнамаға бірқатар түзетулер енгізді. Ағымдағы жылдың 28 қазанында Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды.

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы аясында "Білім туралы" Заңның 47-бабына өзгеріс енгізілді.

Жаңа заң бойынша ауылдық квотамен ауыл шаруашылығы мамандықтарында оқыған ЖОО-ның түлектері ауылдық жерлерде кемінде 3 жыл жұмыс істейді.

Заңнаманы өзгерту, шын мәнінде, мемлекет есебінен жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алған ауыл жастарын аграрлық бейіндегі ұйымдарда кепілді түрде жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.

ҚР АШМ бұл шара ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кәсіби кадрларға деген сұранысын арттыруға мүмкіндік береді деп санайды. Жаңашылдық жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселелерін шешеді. Сондай-ақ, ауылдық жерде "ауыл шаруашылығы мамандығы" бойынша мүлде жұмыс істеуді жоспарламаған талапкерлердің "ауылдық квотамен" мемлекеттік грантқа түсуіне жол бермейді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары және орта арнаулы оқу орындарындағы ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша мамандар даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырыстарының көлемін анықтау, оларды бөлу мен орналастыру ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзыретіне берілген болатын.