"Жәбірленуші" енді "зорланған жоқпын" деп отыр.
ERNUR.KZ. Алматыда үш жасөспірім бала сотталды. Олар 13 жастағы құрбысын зорлау бойынша айыпты деп танылған. Енді әлгі қыз ешқандай зорлық болған жоқ деп, ресми түрде мәлімдеме жасады, деп жазады Zakon.kz.
2018 жылдың 16 қарашасында Алматыда судья Қ.Әбделдинов кәмелетке толмаған үш ұл баланы: 16 жастағы В.М. мен Л.В-ны, 15 жастағы Ш.Н-ды 120 бап, 4 (кәмелетке толмаған адамға қатысты зорлау), және 121 бап 4 (кәмелетке толмаған адамға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Алайда іс бойынша жәбірленуші деп танылған қыз енді жасөспірімдерді жазаламай, сот үкімінің күшін жоюды сұрап отыр. Қысқаша айтқанда, оқиға былай болған. 22 наурызда бір топ бала туған күн тойлатуға бірінің үйіне жиналады.
"Мені Никитаның туған күніне шақырды. Біз алкогольді ішімдік алдық. Бірінші рет ішіп көрейік дедік, салдары туралы ойлаған жоқпыз. Басында бәрі жақсы, көңілді болды. Сосын өзімді жаман сезініп, лоқсып жібердім. Киімімді сүртуге кеттім, маған балалар көмектесті. Сосын мені мамам алып кетті," - дейді С есімді қыз.
Қыздың анасы туған күнге баруға рұқсат бермеген. Отырған жеріңнен суреттер жібер деп талап еткен. Кейін телефон шалуға тырысқанда, қызының телефоны өшірулі болған екен.
"Мен жұмыстан келіп, ұйықтап кетіппін. Түс көріп кеттім, түсіме қызым кірді, ол сөйлей алмайды екен. Ояна сала қызыма бардым. Оны үйге әкелгенімде мас екенін көрдім. Шешіндіріп едім, бұтында іш киімі жоқ. Сосын полиция шақырдым. Дәрігерге бардық, ол көптеген жыртықтар бар деді," – деп еске алады қыздың анасы.
Қыздың айтуынша, сол күні етеккірі келген, джинсі қан болған. Қыздың анасы содан шошыған.
"Анама мені зорламағанын айттым, етеккірім келді дедім," – деп қосты қыз.
Қыз зорлық фактін бірден жоққа шығарған, бірақ анасы да, тергеуші де оны тыңдамады, өйткені сараптама қыздық пердесінің жыртылғанын көрсеткен.
"Тергеуші зорлады деп айт деп мәжбүрледі. Айтпасаң, анаңды түрмеге отырғызамыз деді," – деген қыз жылап жіберді.
Сот медициналық сарапшы Коркина қыздың да, күдіктілердің де іш киімінде, сырт киімінде ұрықтың, сілекей және өзге де іздер болмаған деген қорытынды берген. Бұл қорытындымен тергеуші келіспей, бәрін қосымша сараптамаға жібереді. Бір айдан кейін анасы қызды басқа гинекологқа апарғанда, ол қыздың әлі қыз екенін растаған.
"Бізді ешкім тыңдамайды, сенбейді. Мені тергеу адастырды. Нәтижесінде кінәсіз балалар жазаға тартылды. Біз әділдікті талап етеміз," – деді қыздың анасы.
Сот үкімі шыққаннан кейін жәбірленген деген қыз суицидке оқталған, оны құтқарып қалды. Балаларды түрмеден шығармаса, өмір сүрмейтінін анасына айтыпты.
Қазір апелляциялық сот басталды, 15 наурызда үшінші отырыс болады.