Әсел Айтбаеваның ата-анасы тергеудің созылып кеткенін айтып, бас прокуратурадан істі жеделдетуді сұрады.
Мамыр айында Грузияда қайтыс болған қазақстандық қыздың ісіне әлі нүкте қойылған жоқ, деп хабарлайды
ERNUR.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Әсел Айтбаеваның ата-анасы тергеудің созылып кеткенін айтып, бас прокуратурадан істі жеделдетуді сұрады.
Біздің полицейлермен қоса, Грузияның тергеушілері де асықпайды. Тбилиси прокуратурасы «қызды зорлады» деп сыртынан айыптаған Мұрат Мейірбековтің ісін қазақстандық құқық қорғау органдарына бермей жатыр. Марқұм Әсел Айтбаевадан алынған сараптама қорытындысы мен басқа құжаттарды да алу қиынға соғып тұр.
«Осы іс әлі бітпей жатыр. Прокуратураға келгенім, осы істі жалғастырып, көмектессінші дедім. Кейбір құжат Грузиядан келген жоқ. Іс ана жақта, олар мені қайтадан шақыртады. Грузиядан іс келмей жатыр. Өзі әкетті, өз басымен істеді, мойнымен көтерсін деп отырмын. Мен қызыма олай істе деп жіберген жоқпын», - дейді марқұм Әсел Айтбаеваның анасы Айсұлу Айтбаева.
Әсел Айтбаеваның анасы Бас прокурордың қабылдауын және қылмыстық іске араласуын сұрап арызын жазып кетті. Олар Қазақстанда өтетін сот процесіне Грузия тергеушілерінің қатысқанын қалайды. Ал отырыстың қай кезде басталатыны беймәлім. Сондай-ақ Айсұлу Айтбаева соттың ашық және онлайн емес, дәстүрлі форматта өтуін талап етіп отыр. Десек те, елорданың соты бүгінде істерді қашықтан қарайды, сот залына ешкім жіберілмейді. Негізі Денсаулық сақтау министрлігі оларға процестерді оффлайн өткізуге рұқсат берген. Нұр-Сұлтан қазіргі уақытта «жасыл» аймақта тұр.
Айта кетсек, 26 жастағы Әсел Айтбаева Грузияда көлік сататын компанияда жұмыс істеген. 5- мамырда оның денесі Тбилисидегі көпқабатты үйдің ауласынан табылды. Қыз өлер алдында фирма басшысы Бесик Тордуаның үйінде болған екен. 57 жастағы күдікті бірден темірторға тоғытылғанымен, екі жарым айдан кейін миына қан құйылып, қайтыс болды. Ал отандасымызды Грузияға жұмысқа орналастырған Мейірбеков қазіргі уақытта «Адам саудасы» бойынша қамауға алынған. Тбилиси прокуратурасы Әселдің аудиожазбасына сүйеніп, оған сырттай «адам зорлады» деген айып тақты.