Halyk Bank биыл әйелдер кәсіпкерлігін 1 млрд теңгеге несиелендіреді

0
481

Бұған дейін қаржы институты қыз-келіншектердің бизнесін 5 млрд теңгеге қаржыландырған.


Halyk Bank биыл әйелдер кәсіпкерлігін 1 млрд теңгеге несиелендіреді

ERNUR.KZ. Бұл туралы банк басшысы Үміт Шаяхметова Алматыда өткен Вумен ин Бизнес форумында мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

Алматыда дәстүрлі Вумен ин бизнес атты дәстүрлі форум өтті. Оған 100-ден аса оңтүстік астананың табысты қыз-келіншектері, қоғам қайраткерлері, ірі компаниялар мен банктердің басшылары қатысты. Бизнес-ледидердің сөзінше, әйелдер кәсіпкерлігін дамытуда Вумен ин бизнес секілді шаралардың маңызы зор.

"Алматыдағы іскер әйелдер кеңесі керемет шара ұйымдастырды. Ол тек Алматымен ғана шектелмей, республика деңгейге шықты. Бұл әйел кәсіпкерлердің арасында пікір алмасу, кеңес беру, мәселе талқылайтын үлкен алаңға айналды", дейді "Атамекен" ҰКП жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова.

Вумен ин бизнес форумына қолдау көрсеткен Халық банк төрайымы Үміт Шаяхметова қаржы институтындағы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шараларына тоқталды. Белгілі банкирдің сөзінше, банк борышкерлерінің 51 пайызы қыз-келіншектер. Бірақ әйелдердің алатын қарызының көлемі аз, себебі олар тәуекелге бармайды. Егер бұрын портфельдің 30 пайыз әйелдер болса, қазір шағын бизнестің жартысынан көбі нәзік жандыларға тиесілі.

"Біз көп жылдан бері әйелдер кәсіпкерлігін қолдап келеміз. Бізде бұған дейін бұл мақсатта 5 млрд теңге бөлінген. Жыл сайын қосымша 1 млрд теңге бөліп отырамыз. Бүгін кезекті 6-шы млрд теңге бөлгенімізді мәлімдедік. Бұл несиенің қайтарымы 5 пайыздан 6,5 пайызға дейін, мерзімі 5 жылға беріледі. Бизнесі тұрақты жұмыс істеп тұрған қызмет көрсету, өндіріс,тігін шеберханасы, білім беру секілді кәсіптерді қаржыландырамыз", дейді Halyk bank АҚ Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова.

Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы шағын және орта бизнестің 43 пайызын әйелдер басқарады. Қыз-келіншектер жұмыс орындарының 3-тен бірін құрған. Бұл елімізде әйелдерге жақсы жағдайдың жасалғанын және гендерлік теңсіздікдік төмендігін көрсетеді. Бастысы, бастама, қызығушылық, бизнес-идея болса, бәрі де мүмкін дейді қатысушылар.