Интернет сапасы үшін операторларға салынатын айыппұл 10 есеге артты – Мусин

0
481

Кездесуге ұялы байланыс операторлары да келді, олар бар мәселе – тұрғындардың радиофобиясында деп түсіндірді.


Интернет сапасы үшін операторларға салынатын айыппұл 10 есеге артты – Мусин

ERNUR.KZ. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин байланыс сапасын тексеру мақсатында тұрғындар көп шағым жасайтын аудандарды аралады, деп жазады ҚазАқпарат.

Кездесуге ұялы байланыс операторлары да келді, олар бар мәселе – тұрғындардың радиофобиясында деп түсіндірді. Елорданың кей тұрғындары үй төбесіне базалық станцияларды орнатуға рұқсат бермейді. Соның салдарынан аумақта байланыс нашарлайды және интернет нашар болады.

Алайда министр мұны ұялы байланыс операторларының жұмысы екенін, халықпен, әкімдікпен жұмыс істеп, жер телімін сұрау керектігін айтты.

«Сіздерде екі таңдау бар. Не мұнда қалыпты 4G болады, не әрбір операторға 4 млн теңге айыппұл салынады. Әр екі ай сайын айыппұл жазудан шаршамаймыз», - деді Б. Мусин.

Оның айтуынша, жыл басынан бері байланыс операторларына 150 млн теңге айыппұл салынған. Алайда, шілде айында Президент байланыс операторларына айыппұлдарды 10 есе арттыруды көздейтін заңға қол қойды.

«Бұрын 300-350 мың теңге айыппұл салатын едік. Ал жаңа өзгерістерден кейін айыппұл сомасы шамамен 4 млн теңге болады. Яғни, біз нақты тексеру үшін айыппұлды 10 есеге арттырдық. Өзімізден де жауапкершілікті ысырып тастай алмаймыз. Заңнамалық тұрғыдағы кедергілерді өзгертуге тырысамыз. Яғни, бәріміз өз өкілеттіктеріміз аясында мүмкіндігінше әрекет етуіміз керек. Егер байланыс операторлары сапа стандарттарына сәйкес келіп, клиенттерге қалыпты жағдай жасағысы келсе, байланыс сапасын жақсарту үшін жұмыс істеуі керек», - деп толықтырды Бағдат Мусин.

Цифрлық даму министрі елордада халық саны көбейіп, құрылыс жұмыстары белсенді жүргендіктен, интернет мәселесі де өзге аймақтардан өзектірек бола түскенін айтты. Сондай-ақ байланыс операторы қаласа, көп мәселені шешуге болатынын атап өтті.

«Бірнеше шағынауданның тұрғындары радиофобияға байланысты базалық станция орнатуға рұқсат бермейді. Ұялы байланыс операторлары 40 жаңа базалық станция орнатса, оның 38-і кері алынып жатыр. Сөйте тұра, тұрғындар сапалы интернет пайдаланғысы келеді. Базалық станцияны аулада орнатуға болады. Оператор шын қаласа, бұл мәселені шешуге болады. Әкімдікпен келісіп, қосымша жер телімін сұрасын. Ал біз нормативтік-құқықтық актілерді қабылдаймыз, лицензиялар мен радиожиіліктерді таратамыз. Аудан немесе тұрғын үй кешендері тұрғындарының 50% келісімімен, басым дауыспен базалық станция орнату жөнінде заңға өзгеріс енгізуді ұсынамыз», - деді Бағдат Мусин.