Ішкі істер министрлігі полицейдің үстінен түскен шағымға қатысты түсініктеме берді

0
1 437

​Ведомство келтірілген фактілерді анықтау үшін қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар жалған ақпарат тарату да қылмыс екенін еске салды.


Ішкі істер министрлігі полицейдің үстінен түскен шағымға қатысты түсініктеме берді

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі ішімдік ішкені үшін жұмыстан қуылған аудан полициясының басшысы Нұр-Сұлтан полиция департаментінде өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы болып тағайындалуын жазған қоғам белсендісі Дидар Смағұловтың жазбасына қатысты түсініктеме берді. Дидар Смағұлов өз жазбасын жас полиция қызметкерлерінің жасырын шағымы мен олар келтірген фактілерге негіздеген, деп жазады sputnik.kz.

"Нұр-Сұлтан полиция департаментіндегі лауазымды қызметкерлердің заңға қайшы әрекеттері туралы анонимді шағым бойынша келтірілген дәйектерді анықтау үшін қызметтік тексеріс тағайындалды", - деді ІІМ-де.

Ведомство көрінеу жалған ақпарат таратқандар да сотқа тартылатынын еске салды.

Facebook әлеуметтік желісінде қоғам белсендісі Дидар Смағұлов жас полиция қызметкерлерінің жасырын шағымы мен олар келтірген фактілерді басшылыққа алып, елорда полицейі, Есіл ауданының бұрынғы полиция басшысы Нұр-Сұлтан полиция департаменті жеке қауіпсіздік басқармасына басшы болып тағайындалғанын хабарлады. Бірақ біраз бұрын бұл полицейді генерал Марат Қожаев (ішкі істер министрінің орынбасары) мас болып жүргені үшін қызметтен босатқан болатын.