Тергеу аясында 14 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
ERNUR.KZ. «Mudarabah Capital» қаржы приамидасына қатысты істе қатысушылардың саны өте көп. Бұл жайында ҚР Ішкі істер министрлігінен мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Тергеудің ұзаққа созылуы өте көп көлемдегі қаржылық және өзге де құжаттарды сараптау қажеттігіне, бірқатар сот сараптамасын тағайындау және жүргізуге байланысты болып отыр. Бұған қоса тергеу жүргізу қажеттігі бар процеске қатысушылар санының көптігі де әсер етеді», - деп атап өтті ІІМ баспасөз қызметі.
Сонымен қатар ведомство Алматы қалалық полиция департаменті ҚР ҚК 217-бабының 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Тергеу аясында 14 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Қазіргі уақытта оның 10-ы тұтқынға алынып, екеуіне кепіл және ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданған. Тағы екі адамға халықаралық іздеу жарияланып отыр. Күдіктілерге қатысты шаралар Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 139-бабы талаптарын сақтай отырып қабылданған.
Тергеу органы азаматтық талап үкімінің орындалуын, өзге мүліктерді өндіріп алу немесе мүлікті тәркілеу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында күдіктілердің «ASTEX.KZ» және «ACD technology» ЖШС-дегі мүлкін бұғаттады.