Ішкі нарықтағы сұраныс отандық азық-түлік тауарлары есебінен жабылды – Бақыт Сұлтанов

0
653

Биылдың басынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 4,4 пайызға өсті.


Ішкі нарықтағы сұраныс отандық азық-түлік тауарлары есебінен жабылды – Бақыт Сұлтанов

ERNUR.KZ. 2020 жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 4,4 пайызға өсті. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Биылдың басынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 4,4 пайызға өсті. Негізгі өсімді қарақұмық жармасы мен қант, сәбіз бен картоп көрсетті. Басты себебі егістік аумағының қысқаруы мен маусымдық фактор. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өсімі барлық аймақтарда байқалады. Дегенмен тауарлардың көпшілігі бойынша ішкі нарықтағы сұраныс отандық азық-түлік тауарлары есебінен жабылды», - деді министр Үкімет отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бес түрінде бағаның төмендеуі байқалып отыр. Мәселен, қырыққабақтың бағасы 21,4 пайызға төмендеді.

«Жалпы өсім көрсеткіші 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда екі есе төмен. Аталған өсудің 90 пайызы, яғни 4,1 проценттік пункті, елде төтенше жағдай режимі енгізілген кезеңде тіркелді. Бұның негізгі себептері карантиндік шаралармен байланысты азық-түлікке деген ерекше сұраныс және логистика мен тауар тасымалдау шарттарының өзгеруі, маусымаралық кезеңдегі тапшылық болды», - деді Б. Сұлтанов.

«Сонымен қатар, биылғы мамыр айынан бастап баға өсімі реттеле бастады. Атап айтқанда, бағалар мамырда 0,1 пайызға өсті, маусым мен шілдеде өспей, тамызда тіпті -1 пайызға төмендеді», - деді министр.