Италиядан келгендерге Қазақстанға кіруге тыйым салынды

0
729

8 наурыздан бастап Италиядан келген азаматтарға ғана емес, сол жақта тұрған шетелдік азаматтарға да біздің елге кіруге тыйым салынған.


Италиядан келгендерге Қазақстанға кіруге тыйым салынды

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирус жағдайына байланысты қазақстандықтарға Еуропаға саяхаттауды тоқтата тұруды ұсынды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бізді Еуроодақ елдерінде, соның ішінде Италияда коронавируспен ауыратындар санының өсуі алаңдатады. 8 наурыздан бастап Италиядан келген азаматтарға ғана емес, сол жақта тұрған шетелдік азаматтарға да біздің елге кіруге тыйым салынған. Италия жағдайы нашар, яғни «А» категориясына, бірінші топқа кіретін елдер тізімінде. Италия дертке шалдыққандар саны бойынша Қытайдан кейін екінші орында тұр», - деді Жандарбек Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сонымен қатар, Франция, Германия сияқты елдерде аталған дертке шалдыққандар саны көбеюде. Аурудың күрт өсуі Швейцария, Нидерланд және Швецияда байқалады.

«Жағдай әр 2-3 күн сайын өзгеруде. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 6 қаңтардан бастап тәулік бойғы жұмыс тәртібіне көшті. Бұл бізге күн сайын жағдайға мониторинг жасап, бақылауды күшейту бойынша жедел шара қабылдауға көмектеседі. Бүгінгі күгі «А« санатындағы Қытай, Оңтүстік Корея елдеріне Италия қосылды. Біз аса қажет жағдай болмаса қазақстандықтарға еуропалық мемлекеттерге, оның ішінде жоғарыда атап өткен мемлекеттерге бармауды ұсынамыз. Сондай-ақ, ол жақтан ешкімді қонаққа немесе жұмыс бойынша шақырудың қажеті жоқ», - дейді ол.

Коронавирус бойынша «А» санатына ҚХР, Иран, Оңтүстік Корея, Италия кіретінін айта кету керек. «1Б» санатына Франция, Германия, Испания кіреді. Екінші санатқа Швеция, Ұлыбритания, Нидерланд кірсе, үшінші санатта Бельгия, Швеция, Норвегия, Үндістан, Ирак, Филиппин және АҚШ тұр.