Junior Eurovision: Ержан Максим сахнаға нешінші нөмірмен шыққысы келетінін айтты

0
1 018

"Қазақ елінің атынан бара жатқаннан кейін аздаған қобалжу бар", - дейді Ержан.


Junior Eurovision: Ержан Максим сахнаға нешінші нөмірмен шыққысы келетінін айтты

ERNUR.KZ. Қазақстандық жас әнші Ержан Максим Польшаның Ливице қаласында өтетін Junior Eurovision музыкалық байқауында ел намысын қорғайды. Осыған орай бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтіп, Ержан байқауға қалай дайындалып жатқанын айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Менің дайындығым өте жақсы, керемет. Енді қазақ елінің атынан бара жатқаннан кейін аздаған қобалжу бар. Не боларын көреміз», - деді Ержан.

Сонымен қатар ол Австралия, Польша елдерінің өкілдерін өзінің басты қарсыласы санайтындығын айтып, байқауда 6-шы болып өнер көрсеткісі келетіндігін айтты.

«Конкурстарға қатысқанда үнемі 6 саны түсетін. Алдағы уақытта қандай түсетінін білмеймін. Алты саны түссе деп үміттенемін. Осы 6 саны түскен байқауларда мен әрдайым бас жүлде аламын - «Славян базары», «Бақытты балада және басқа да байқауларда», - деді ол.

Баспасөз мәслихатына қатысқан Ержанның анасы Гүлмира Әлібек те ұлы үшін қобалжып жүргенін айтады.

«Баласы атқа мінсе, анасы үйде тақымын қысады» демекші, мен де қобалжып жүрмін. Мен ғана емес, бүкіл қазақ елі Ержан үшін қобалжып, қолдау білдіріп отыр деп ойлаймын. Себебі, көптеген адам қолдауларын білдіріп, тілектерін, баталарын беріп жатады. Отбасымыздың атынан баршаңызға ризашылығымды білдіреміз. Балам жауапты байқауға бара жатқаннан кейін қатты уайымдап, қобалжып жүрміз. Алла сәтін салса бәрі жақсы болады деп ойлаймын», - деген Гүлмира Әлібек Ержанның сахна төріне «Біссіміллә», деп бір Аллаға сыйынып шығатынын айтты.

Айта кетейік, 18 қараша күні Junior Eurovision музыкалық байқауының ашылу рәсімі өтіп, жас әншілер арасында жеребе тарту рәсімі өтеді. Сол арқылы Ержанның «Арманыңнан қалма« әнімен сахнаға шығатын реттік нөмірі анықталады. Байқаудың финалы 24 шарада өтеді. Байқау ережесіне сәйкес жеңімпазды телекөрермендердің дауыс беруі мен құрамына 3 ересек және 2 бала кіретін байқауға қатысушы елдердің төрешілері анықтайды.