Желдің күшеюіне байланысты 10 гектар аумақтағы тілсіз жауды ауыздықтау өрт сөндірушілерге едәуір қиындық тудырған.
ERNUR.KZ. Петропавл қаласының шетіндегі далалы аймақта өртенген қамыс қала тұрғындарының үрейін ұшырды. 10 гектар аумақты шарпыған тілсіз жаудың қызыл жалыны қаланы өрт құрсауында қалғандай күйге түсірді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Өрт сөндірушілер үш сағаттан астам уақыт бойы тілсіз жаумен арпалысқан.
Қала іргесіндегі Сенная базасының аумағында қамыс жанып жатқаны туралы хабарлама Облыстық төтенше жағдайлар департаментіне 16 қазан күні сағат 19:09 минутта түскен.
"Өртенген аймақтағы тұрғын үйлер мен өндірістік нысандарға қауіп төнгені анықталды. Қауіптілік деңгейіне қарай екінші қоңырау нөмірі жарияланды", – дейді өрт сөндіру қызметі бойынша департамент бастығының орынбасары Николай Белоусов.
"Полиция қызметкерлері отқа оранған аумақты қоршауға алды. Сондай-ақ, өрт сөндіру мен құтқару қызметінің оннан астам техникасы мен жетпіске жуық маманы жұмылдырылды", – делінген хабарламада.
Өрт 22 сағат 19 минутта толық сөндірілді. Зардап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ.