"Қалғып кеткен шығар" - Алматыда полицейлерді өлтірген күдіктінің әкесі

0
949

Алматыдағы блок бекеттегі апатқа себепші болған Азат Азаматовтың әкесі сұхбат берді.


ERNUR.KZ. Азат Азаматов осы айдың басында ғана лейтенант шенін алған полиция қызметкері болған. Апат болған күні кезекшілікке түсіпті, деп хабарлайды Информбюро 31.

Күдіктінің әкесі полицияның Азат Азаматов экс-қызметкер деген мәлімдемесін жоққа шығарды.


"Ұлымның ішімдік ішкеніне күмәнім бар. Карантин кезінде күндіз-түні, 18-19 күннен жұмыс істеді. Таңғы бесте қалғып кетуі мүмкін. Ұлым қолымен істегенін мойнымен көтереді. Алайда оқыс оқиғаны қасақана жасаған қылмыс деп жала жабуға болмайды. Ешкім олай жасамайды", - дейді әкесі Талғат Мұқашев.


Өзі де ішкі істер органдарында 28 жыл қызмет етіп зейнетке шыққан азамат оқиғаның анық-қанығы камераға түсуі керек екенін айтып отыр. Ол құрылғының істен шыққанына күмән келтірді.

"Қайтыс болған жігіт баласының шілдеханасына шақырған екен. Екеуі араласқан. Сөйте тұра, қалай қылмысқа барды деп ойлайсыздар. Қасындағы жолдасына қасқыр да қастық қылмайды. Бұл оқыс оқиға ғой. Қайтыс болған азаматтардың ата-анасына, туыстарына қайғырып көңіл айтамын", - деді Мұқашев.




Еске салайық, Алматыда мас жүргізуші блокбекетті соғып өтіп, салдарынан екі полицей қаза тапқан болатын. Оқиға 25 мамырда таңғы сағат 05.26-да болған. Кейін жол апатынан соң үшінші полицейдің жансақтау бөлімінде жатқаны хабарланған еді.

Осы оқиғадан кейін үш шенді қызметінен кеткен болатын.