Қанат Бозымбаев: Ақмола облысында баспанасыз қалғандар 15 тамызға дейін үйіне кіруге тиіс

0
525

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды су басқан аймақтардан көшіру үшін Атбасар ауданының Атбасар қаласында 45 пәтерлі екі тұрғын үй салу жоспарланып отыр.


Қанат Бозымбаев: Ақмола облысында баспанасыз қалғандар 15 тамызға дейін үйіне кіруге тиіс

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановпен су тасқыны салдарын жою бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңеске бизнес өкілдері: «Verny Capital» ЖШС бас директоры Айдан Ақанов және «Integra Construction» ЖШС басшылығы Андрей Ким мен Құдрат Шамиев қатысты:. Аталған компаниялар басқа демеушілермен бірге аймақты қалпына келтіруге атсалыспақ. Ақмола облысында барлығы 1817 үй су астында қалды, оның 359-ы апатты деп танылса, қалған үйлер жөндеуге болатын баспаналар санатына жатады.

«Өңірдегі үйлерді жөндеу мен салуға барлығы 10,5 млрд теңге қажет. Оның 5 млрд теңгесін Kaspi Bank, 1 млрд теңгесін RG Gold компаниялары бөледі. Алдағы уақытта шамамен 4 млрд теңге табу қажет. Әкімдіктің алдына 15 тамызға дейін су тасқынынан зардап шеккен Ақмола облысының барлық тұрғындары жөнделген және жаңадан салынған немесе сатып алынған үйлерге кіруі тиіс деген міндет қойылды. Жұмыс кестесі бар, мердігерлер анықталып, барлық тиісті қаражат бөлінетін болады», - деді вице-премьер Қанат Бозымбаев.

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды су басқан аймақтардан көшіру үшін Атбасар ауданының Атбасар қаласында 45 пәтерлі екі тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Бұланды және Жарқайың аудандарында 87 жеке үй салынбақ.

«Біз ТЖ режимі жарияланған өңірлерде: Көкшетауда - 89, Жарқайың ауданында - 27, Есіл ауданында – 22, Астрахан ауданында – 34 және Жақсы ауданында - 10 дайын пәтер мен үйлері сатып алатын боламыз. Қауіпсіз аймақта барлығы 182 үй сатып алу жоспарланып отыр», - деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ жергілікті билік облыстың жол және инженерлік инфрақұрылымын қайта жаңғыртуы керек. Бұл мақсаттарға Үкімет резервінен қаражат бөлінеді. Вице-премьердің тапсырмасы бойынша автожолдарды, көпірлер мен электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары шілде айында аяқталуы тиіс.