Қаңтар оқиғаларынан кейін жоғалған шетелдікке туыстары іздеу салды

0
579


Қаңтар оқиғаларынан кейін жоғалған шетелдікке туыстары іздеу салды

ERNUR.KZ. Алматыға жұмысқа келген Өзбекстан азаматы қаңтар оқиғаларынан кейін хабар-ошарсыз кеткен. Туыстары оның тәртіпсіздіктерге қатыспағанына сенімді, деп жазады tengrinews.kz.

Телеарна мәліметінше, 4 ай бойы Қарақалпақстан (Өзбекстан құрамындағы автономиялық республика) тұрғындары хабар-ошарсыз кеткен туысы Азат Жұманиязовты іздестіріп жатыр. Олардың айтуынша, Азат Қазақстанға жұмысқа кеткен, бірақ қаңтар оқиғаларынан кейін туыстары онымен байланыса алмаған. Соңғы рет 44 жастағы ер адамды Алматыдағы "Алтын Орда" базарының маңында көрген.

"Үйден шығып, қайта оралмады", - дейді інісі Нұрлан Өтениязов.
Оның айтуынша, туысы Алматыдағы құрылыста жұмыс істеген. Қаңтар оқиғаларынан кейін байланыс үзілген. Содан бері отбасы оны іздеп жатыр.
"Азаттың жары күн сайын жылайды. Қоңырау шалып, іздеу нәтижелерін сұрайды. Оның 5 жасар қызы да үнемі "әкем қайда?" дейді. Менің ойымша, ол алаңға шықпады. Себебі 5 қаңтарда оның телефоны Долан ауылының маңында өшіп қалған. Ал митинг Алматыда өтті. Ол бара алар ма еді? Меніңше, жоқ", - деді ағасы.

Азаттың туыстары ол аман деп үміттенеді. Өйткені ер адамның денесі бірде-бір мәйітханадан табылмаған. Іздеуге еріктілер тартылған. Бірақ іздеу сәтсіз аяқталған. Кейін жоғалған адамның туыстары полицияға жүгінген.


"Бұл дерек Алатау аудандық Полиция басқармасында тіркелді. Іздестіру басталды, арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Ол хабар-ошарсыз кеткен адамды іздестіруге және оның орналасқан жерін анықтауға бағытталған", - деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қазір Азат Жұманиязовтың отбасы бәрінен оны іздеуге көмек көрсетуін сұрайды. 102 нөміріне қоңырау шалуға болады.