Қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде қаза тапқандардың ресми санына құқық қорғау органдарының азаптауынан қайтыс болғандар кірмеген.
ERNUR.KZ. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев мәлімдеді, деп жазады tengrinews.kz.
"Біздегі бар ресми ақпарат бойынша 232 адам қаза болды. Біз қылмыстық қудалау органымыз ғой, жеке жұмыс істейміз. (...) Қаңтардағы оқиға кезінде қызметкерлердің заңсыз іс-әрекеттерінен, қылмыскерлердің іс-әрекеттерінен қаза тапқан адамдар бар. Мен қазір нақты санын айта алмаймын. (...) Азаптаудан қайтыс болғандардың жеке тізімі бар, дәл қазір нақты саны есімде жоқ", - деді Шындалиев.
"Азаптаудан 6 адам, барлығы 238 адам қайтыс болды деген ақпарат бар. Рас па?", - деп сұрады журналист.
"Иә. Қаңтар оқиғасы кезінде 232, азаптаудан 6 адам қаза болды", - деп мойындады Бас прокурордың орынбасары.
Осылайша, қаңтардағы тәртіпсіздіктерден қаза тапқандардың ресми саны өсті. Сондай-ақ, Шындалиев құқық қорғау органдарында 15 адам күдікті деп танылғанын айтты.
"9 адам қамауға алынды. Сегіз адам - ҰҚК қызметкері, біреуі полицей. Олардың арасында Ұлттық ұлан қызметкерлері жоқ, тек ҰҚК мен полиция қызметкерлері бар", - деді ол.
Еске салайық, 2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары сұйытылған мұнай газы қымбаттауына байланысты митингіге шыққан болатын. 3 қаңтарда бірден бірнеше облыста митингілер басталды. Наразылық шарасына мұнай өндіруші кәсіпорындардың жұмысшылары да қосылды. 4 қаңтарда өзге де қалаларда бірден жаппай тәртіпсіздік басталды.