Қарағанды қаласында «Мысық кафесі» ашылды

0
1 740

Кафе күніне алдын ала жазылу уақытымен 50 адамға дейін қабылдай алады.


Қарағанды қаласында «Мысық кафесі» ашылды

ERNUR.KZ. Қарағанды қаласында алғашқы мысық кафесі ашылды, деп жазады 24.kz арнасы.

Мұнда келушілер тек кіру үшін ақша төлеп, ішіндегі 26 марғаумен ойнап қайту мүмкіндігін алады. Кафе күніне алдын ала жазылу уақытымен 50 адамға дейін қабылдай алады.

Далада қамқорсыз қалған мысықтарға жанашырлық танытқан қала кәсіпкері қажетті екпелерін жасап, оларды заманауи мысықтар кафесіне орналастырған. Қазір оның әрқайсысының паспорты бар. Бұл – әзірге қалада пайда болған алғашқы кафе.

Инна Радченко, мысық кафесінің ұйымдастырушысы: «Бізге ешкім демеушілік көрсеткен жоқ, барлығын өз күшімізбен, өз қаражатымызға салдық. Достарым да көмектесті. Көп жылдан бері армандаған едім. Бұл жерге келушілер релаксация алып, көңіл күйлері көтеріңкі болып қайтып жатады» , - дейді.

Ең алғашқы мысық кафесі 1998 жылы Тайваньда ашылған. Одан кейін Жапония халқы жұмыс уақытындағы түскі үзілісте қызметкерлерге релаксация ретінде ашқан екен. Қазір мысық кафесінің саны дүние жүзінде әлдеқайда артып отыр. Қарағандыдағы кафе мамандары мысықтың пырылдаған дыбысы мидың жұмысы және жүрек қан айналымын жақсартып, иммунитетті көтеруге сеп екенін айтады.

Айта кетейік, әлеуметтік жоба болып саналатын кафені еріктілер ұйымдастырған. Аптасына бір рет болатын санитарлық күнде мысықтарды ветеринарлар тексеріп, рұқсаттама береді екен.

«Балаға үлкендерге де физикалық, эмоциялық көңіл күйімізді көтеруге өте пайдалы. Қызымыз мысықты бала кезінен жақсы көреді. Сондықтан осы жерден мысық алуға дайынбыз», - дейді қала тұрғыны Марал Ысқақова.

Сонымен қатар, кафеге келушілер ұнаған мысықты асырап алу мүмкіндігіне де ие. Мұндағы мысықтар ақысыз таратылады.