Қарағанды облысында 5 адам бруцеллез жұқтырды

0
481

Бруцеллезді жұқтыру жағдайларының 66,6%-ында тамаққа қайнатылмаған сүт және сүт өнімдерін пайдалану себеп болған.


Қарағанды облысында 5 адам бруцеллез жұқтырды

ERNUR.KZ. Қарағанды облысынң Шахтинск, Теміртау және Абай ауданында брузеллез дертін жұқтырудың 5 жағдайы анықталған. Ол туралы өңірдің санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

Бруцеллезді жұқтыру жағдайларының 66,6%-ында тамаққа қайнатылмаған сүт және сүт өнімдерін пайдалану себеп болған.

Сондай-ақ дертке шалдыққандардың басым бөлігі сол сүт өнімдерін жеке тұлғалардан сатып алғанын айтады.

Ал қалған 33,3% жағдайда төрт түлікті асырау кезінде санитариялық-гигиеналық нормаларды бұзу, жануарларды уақтылы зертханалық тексеруден өткізбеуінен бруцеллез жұқтырған.

Бруцеллездің үй ошақтарынан алынған сынамаларда инфекция қоздырғыштары 7,8%-ында сүт өнімдерінен, 1,1%-ында тезектен, 2,2%-ында шөптен, 1,1%-ында жүннен анықталған.

Бұл зерттеу нәтижесі микробтардың қоршаған ортаға тарайтынын көрсетеді. Ол өз кезегінде инфекцияның таралу факторы болуы мүмкін.

«Биыл Шет, Бұқар жырау, Абай, Ақтоғай және Осакаров аудандарында адамдар үшін бруцеллез қоздырғышының негізгі көздері саналатын ірі қара және ұсақ мал арасында осы дерттің 391 жаңа эпизоотиялық ошағы анықталған», - деп мәлімдеді Қарағанды облысының санитарлық-эпидемиологиялық департаменті.

Бруцеллез - қауіпті дерт, көп жағдайда науқаста инфекция ағымының созылмалы түрі дамиды, соның салдарынан дәрігерге уақытында жүгінбесе, адам мүгедек болып қалуы мүмкін.

Аурудың ерекшелігі – инфекциядан кейін аурудың өткір кезеңі болмауы мүмкін, ал клиника бірнеше айдан, тіпті жылдардан кейін пайда болуы мүмкін.