Қарағанды облысында 80 жастағы зейнеткер қарақшыны соққыға жыққан

0
510

Қарақшы кейуанадан сөмкесін тартып алмақ болған.


Қарағанды облысында 80 жастағы зейнеткер қарақшыны соққыға жыққан

ERNUR.KZ. Қарағанды облысының Саран қаласында кейуана сөмкесін тартып алмақ болған қарақшыны соққының астына алған, деп жазады ҚазАқпарат.

30 мамырда Қарағанды облысы Саран қаласының полиция бөліміне 80 жастағы әйел түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жатқызылғаны туралы хабарлама түскен. Полицейлер анықтағандай, зейнеткер дене жарақатын қарақшыға қарсылық көрсету кезінде алған.

Әжейдің айтуынша, таңертең ол шіркеуге бет алып, екі үйдің арасынан өтіп бара жатқанда, оған белгісіз адам шабуыл жасаған. Күш қолдана отырып, кейуанадан сөмкесін тартып алмақ болған. Алайда зейнеткер еш қорықпастан қарақшыға төтеп берген, оны бірнеше рет ұрып жіберген. Кейін өзі құлап қалып, жарақат алған. Мұндай қатты тойтарысты күтпеген қарақшы қашып кеткен.

«Аталған факті бойынша ҚР ҚК 191-бабы («Тонау») бойынша қылмыстық іс қозғалды. 1 маусымда жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні – 25 жастағы ер адамды ұстады. Ол кінәсін толық мойындады. Тергеу жүріп жатыр», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінен .