Қарағанды облысында бес шахтада кен өндіру жұмыстары қайта басталды

0
430

Шәріпханов Костенко атындағы шахтадағы апаттың себептерін тергеу аясында үкіметтік комиссия мүшелерімен бірге шахтаға түскенін атап өтті.


Қарағанды облысында бес шахтада кен өндіру жұмыстары қайта басталды

ERNUR.KZ. Қарағанды облысының бес шахтасында кен өндіру процесі қайта басталды. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

"Жалпы, 30 қазаннан бастап (сағат 14.00-ден) Қарағанды облысының бес шахтасында (Абай, Саран, Шахтинск, Күзембаев және Ленин атындағы) өндіру процестері қайта жанданды. "Тентек" шахтасында тек дайындық жұмыстары жүргізілуде. "Қазақстан" шахтасында оның тіршілігін қамтамасыз ету және аэрогаз жағдайын бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді министр үкімет отырысында.
Шәріпханов Костенко атындағы шахтадағы апаттың себептерін тергеу аясында үкіметтік комиссия мүшелерімен бірге шахтаға түскенін атап өтті.
"Шахта қатты бұзылған. Тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен. 15-тен астам оқшаулағыш бөгеттер мен желдету құрылыстары қираған", - деді министр.
Айтуынша, қазір тағы 7 шағын комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ тергеуге Қазақстаннан және шетелдерден сараптамалық ұйымдар тартылды. Апат фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұған дейін Костенко атындағы шахтадағы апаттан кейін "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаменті шахталарының жұмысы алдағы бірнеше күнге тоқтатылғаны хабарланған болатын.