Қарағанды облысында ит қауып алған баланың жағдайы ауыр

0
516

Қарағанды облысында екі баланы ит қауып, біреуі қайтыс болған болатын.


Қарағанды облысында ит қауып алған баланың жағдайы ауыр

Қарағанды облысында ит қауып алған 5 жасар баланың жағдайы ауыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.

Бүлдіршін Ақтоғай ауылынан санавиациямен Қарағанды қаласындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, төбет баланың басын талап тастаған.

“Бала Ақтоғай ауылынан санавиация арқылы шұғыл жеткізілді. Басында ашық жарақаттар өте көп. Сонымен бірге көзіне зақым келген. Ашық хирургиялық таңу жасадық. Қазір балалар жарақаты бөлімінде ем алып жатыр”, – дейді Қарағанды облыстық травматология қызметі ахуалдық орталығының меңгерушісі Ерік Шонбаев.

Еске салайық, Қарағанды облысының Ақтоғай ауылында екі баланы талап тастаған болатын. Үй иелері итті байламай бос жіберген көрінеді. Балалар аулада ойнап жүргенде төбет оларға тап берген. 3 жасар бүлдіршін ауыр жарақаттан көз жұмды.

“Аулада ойнап жүргенде сол үйдің иті шабуыл жасап дене жарақаттарын келтіргені анықталды. Алған дене жарақаттарының салдарынан 3 жастағы бала ауруханада қайтыс болды. Қазіргі таңда бұл факт Ақтоғай аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Тергеу амалдары жүргізілуде”, – дейді Қарағанды облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Бақытжан Құдияров.

Еске салсақ, осыған дейін Қарағанды облысында екі баланы ит қауып, біреуі қайтыс болды.