ТЖД өкілдері 1985 жылы туған балықшының денесін каналдан шығарды.
ERNUR.KZ. Қарағанды облысында суға батып кеткен балықшының денесі табылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Құтқарушылар Осакаров ауданында қысқы балық аулау кезінде суға батып кеткен балықшының денесін тапты.
«Бүгін Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Молодежный кентінен 20 шақырым жерде Осакаров ауданындағы Қ.Сәтбаев каналынан 1985 жылы туған балықшының денесін шығарды», - делінген хабарламада.
ТЖД мәліметінше, марқұмды тапқан адамдар балық аулап жүріп, мұз астынан су бетіне көтерілген денені байқаған.
Бұған дейін, яғни 3 ақпанда Молодежный ауылының маңында балық аулау кезінде үш балықшы мінген көлік мұзға құлап кеткені хабарланған болатын. Екеуі судан өз бетімен шығып үлгергенімен, үшіншісін іздеу үш күнге созылды. Кейіннен су астынан көлік табылды, алайда оның ішінде де, маңында да суға батқан адамның ізі де болмаған.
Балықшыны іздестіру жұмыстары сүңгуір жабдықтары мен су астындағы қашықтан басқарылатын тексеру кешенінің көмегімен жүргізілді. Артынша күшті су асты ағыны мен ауа райы жағдайына байланысты іздеу жұмыстары уақытша тоқтатылған болатын.