​Қарағандыда коворкинг орталығы ашылды

0
2 404

«Достық үйіндегі» коворкинг орталығындағы кітап қоры 2400-ден асады. Келушілер сонымен қатар электронды кітапхананы да пайдалана алады.


​Қарағандыда коворкинг орталығы ашылды

ERNUR.KZ. «Достық үйінде» жаңа коворкинг орталығы жұмыс істей бастады деп жазады BAQ.KZ

Жастарға арналған заманауи оқыту орталығына келушілер баспа өнімдері мен электронды кітаптарды оқи алады. Сондай-ақ, оқырмандар залына компьютерлер, гаджеттер орнатылып, интернет қосылған.

Оқырмандарға жайлы, жастарға қолайлы заманауи үлгідегі орталықтар облысымыздың барлық аймағындағы кітапханалардың жанынан ашылған. «Достық үйіндегі» коворкинг орталығындағы кітап қоры 2400-ден асады. Келушілер сонымен қатар электронды кітапхананы да пайдалана алады.

«Заманға сай білім орталықтарын ашу жобасы былтыр бастау алған болатын. Орталықтың негізгі мақсаты – жастарға дәртүрлі кітапханалардың ішінде жағдай жасап, оларды осында оқуға алып келу. Қазіргі таңда жастарға әлеуметтік желілерде үнемі онлайнда болу маңызды. Ол үшін интернет пен әртүрлі гаджет керек. Жалпы ыңғайлы орын болу керек. Осыған байланысты былтырғы жылы Н.Назарбаев университетінің арнайы ғылыми-әдістемелік орталығымен бірлесе отырып, жобаның тұжырымдамасын жасап, Қазақстан бойынша коворкинг орталықтарын ашуды бастаған болатынбыз. Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша осындай 23 орталық ашылған», - дейді «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.

Коворкинг орталықтарының Қарағандыдағы алғашқысы әрі ең үлкені Н.В.Гоголь атындағы облыстық кітапханада ашылған. Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша қазіргі таңда кітап оқуға келетін жастардың саны анағұрлым артқан.

«Аталған орталықтар арқылы біз ең алдымен жастарды кітапханаға шақырдық, одан кейін ақын-жазушылармен, зиялы қауым өкілдерімен кездесу ұйымдастыра бастадық. Яғни негізгі мақсат жастарды білім, ғылым және ақпараттық қорға тарту. Оның бірден-бір көзі аймақтағы кітапханалар. Осы жерде айта кетерлігі, аймақтың елді мекендерінде орталық ашу үшін мемлекет қаржысы жұмсалмаған. Коворкинг орталықтары жергілікті бизнесмендер, демеушілер мен меценаттардың, тұрғындардың көмегімен ашылды. Жалпы бұл жоба халықтың көңілінен шыққан, жастар жылы қабылдаған жоба болды», - дейді Н.Жетпісбаев.

Жастарға арналған заманауи оқыту орталығының ашылу салтанатында болған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнар Бижанова жастарды кітапты көп оқуға шақырды.

«Мен электронды кітаптан гөрі қағаз кітапты оқығанды ұнатамын. Жас кезімде шамның жарығымен кітап оқимын деп көру қабілетімді нашарлатып алғанмын. 2-сыныпта «Абай жолын» оқу керек болды. Әкем мен анамнан тығылып, қойманың ішінде, көмескі шамның жарығында осы кітапты оқып шықтым. Әрине сол кезде «Абай жолын» қазір түсінетіндей түсінбеген шығармын, дегенмен де оны тағы да бірнеше рет қайыра оқыдым. Сіздерге мұны неге айтып отырмын? Тірі кітаптар не үшін керек? Жігіттер, қыздар сіздер кітап оқи отырып, сөйлеу, ойлау қабілеттеріңізді дамытасыздар, өз ойыңызды еркін жеткізе алатын деңгейде боласыздар. Әрине электронды кітапхана деген жақсы, дегенмен тек гаджеттерден ғана оқымаңыздар. Тірі кітаптарды көбірек оқуға тырысыңыздар», - деді Гүлнар Бижанова.