​Қарағандылық спортшылар ХҚКО-ға "жұмысқа орналасты"

0
1 185

Олар азаматтарға электрондық кезек талонын ұсынып, мемлекеттік қызметтерді алу бойынша кеңес берді.


​Қарағандылық спортшылар ХҚКО-ға

ERNUR.KZ. «Азаматтарға арналған үкіметтің» Қарағанды облыстық филиалының Халыққа қызмет көрсету орталығына келушілерге «Қазақстан барысы» - Ержан Шынкеев, самбодан әлем чемпионы - Бейімбет Қанжанов мемлекеттік қызмет көрсетсе, шоумен Айбат Никулин қызмет алушыларды қарсы алып, электрондық қызметтердің тиімділігі туралы айтты, деп жазады Baq.kz.

Олар азаматтарға электрондық кезек талонын ұсынып, мемлекеттік қызметтерді алу бойынша кеңес берді.

«Халықпен жұмыс істеу соншалықты қиын екенін бүгін түсіндім. Халыққа қызмет көрсету орталығының маманы болу үшін кәсіпқой әрі білімді болу керек. Бүгінгі акция арқасында көптеген анықтаманы үйде отырып, электронды үкімет порталынан алуға болатын білдім», - дейді Ержан Шынкеев.

Өз кезегінде қызмет алушылар спорт жұлдыздарынан кеңес алып қана қоймай, суретке түсу мүмкіндігін де құр жібермеді.

«Жұлдыздардың ХҚКО-дағы бір күні» республикалық акциясы аясында Қазақстан Республикасының барлық ХҚКО-ларында елге танымал тұлғалар азаматтарға қызмет ете бастады.

Акция барысында тұрғындардың цифрлық сауаттылығын көтеріп, электрондық қызметтерді алуға үйретуге күш салынып, әсіресе телеграмм-бот EgovKzBot арқылы электрондық анықтамаларды алу, автокөлікті онлайн тіркеу, бала тууға байланысты проактивті қызметтері кеңінен насихатталуда.

«Азаматтарға арналған үкіметтің» Қарағанды облысы бойынша филиалына қарасты 34 фронт-офисінде жұмыс істейтін 700-ден астам маман аптаның алты күнінде таңғы сағат 9-дан кешкі 8-ге дейін азаматтарға мемлекеттік қызметтер ұсынады.