Қаракөлде 900-ге жуық аққудың өлексесі табылды: экологтар дабыл қағып жатыр

0
509

Өткен жылдың 21 желтоқсанынан 2024 жылғы 9 қаңтар аралығында барлығы 870 аққудың өлексесі табылды.


Қаракөлде 900-ге жуық аққудың өлексесі табылды: экологтар дабыл қағып жатыр

ERNUR.KZ. Маңғыстаудағы Қаракөл көлінде 870-ке жуық аққудың өлексесі табылды. Экологтар су қоймасында ластаушы заттардың шамадан тыс асып кеткенін айтып дабыл қағуда, деп жазады sputnik.kz.

Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифинг барысында сарапшылар, экобелсенділер, сондай-ақ облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілдері құстардың қырылуына қатысты мәлімдеме жасады.
Өткен жылдың 21 желтоқсанынан 2024 жылғы 9 қаңтар аралығында барлығы 870 аққудың өлексесі табылды. Қаракөл көлі күн сайын тексеріліп жатыр. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығының орнитологтары жүргізген зерттеу нәтижесін күтіп отырғанын айтты. Бастапқы зерттеулердің нәтижелері аққулардың құс тұмауынан қырылғанын анықтады.
"Қаракөл көлі – республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Қорықты қорғау жұмыстарын Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы жүргізеді. Қорық инспекторлары аққулардың өлгені туралы жедел түрде тиісті органдарға жеткізген. Бұдан әрі өңірге ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті жанындағы ұлттық орталықтың және Алматы микробиология және вирусология институтының мамандары келді. Олар құстардың өлекселеріне талдама жасап көрді және құс тұмауы нұсқасы расталды. Осыған байланысты тиісті мемлекеттік органдар өз құзыреті шеңберінде құстардың өлексесін жинаумен және жоюмен айналысты", - деді Досатов.
Сонымен қатар, Rixos қонақ үйі де тексерілді.
"Қосымша 5-6 қаңтарда Rixos Water World қонақ үйінің маңында орналасқан құбырдан белгісіз сұйықтықтың аққанына қатысты мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде Қаракөлдегі лас заттардың шамадан тыс көп екені анықталды. Осыған қатысты қонақ үйге тексеру жүріп жатыр, оның нәтижелері БАҚ-та жарияланады", - деді Маңғыстау облысы экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Мағжан Ғалымов.
Сарапшылар аққулардың жаппай қырылуына құс тұмауы себеп деген нұсқаны ұстанып отыр. Оның өршуіне жол бермеу үшін үй құстары да назарға алынған. Күнделікті мониторинг жүргізіліп жатыр.
Орталық Азия Рамсар өңірлік бастамасының үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қозыбақов өңір тұрғындарына құстарды жем бермеу керектігін айтты.
"Құстарға жем берудің қажеті жоқ, өйткені олардың табиғи жағдайда жемі жеткілікті. Қаракөлде жыл сайын кем дегенде 10-15 мың аққу қыстайды. Екі күн бұрын орнитолог маман 43 мыңнан астам аққудың бар екенін санап шыққан. Бұл құстарға жеткілікті тамақ бар екенін көрсетеді. Аустралияда тұратын қара аққудан айырмашылығы, біздің аймақтарға ұшатын аққу құс тұмауына өте сезімтал. Әсіресе иммунитеті қалыптаспаған жас құс бейім болады", - дейді Әділбек Қозыбақов.
Брифингке қатысушылардың айтуынша, 2023 жылдың қараша айында Маңғыстауға 7 мыңға жуық аққу ұшып келген. Бүгінде олардың саны өңірде 43 мыңнан асты.